«Денсаулық сақтау жүйесін дамыту мәселесі әркез Мемлекет басшысының назарында». «AMANAT» партиясы ұйымдастырған «Дәрігер Talks» ашық диалог алаңының екінші отырысында партия төрағасы Ерлан Қошанов осылай деді. Медицина қызметкерлері, бейбіт күннің батырлары деген атқа лайық екенін жеткізді. Еліміздің түкпір-түкпірінен 600-ден астам медицина қызметкері қатысқан шарада ақ халаттылар саладағы түйткілдерді бүкпесіз айтып, шешу жолдарын ортаға салды. Бүгінде депутаттық корпус пен Денсаулық сақтау министрлігінің тығыз әріптестігі нәтижесінде дәрігерлерге біліктілік санатын беру тәртібі жаңартылды. Енді мыңдаған медицина қызметкері тестілеуден өтпей-ақ баламалы негізде біліктілік санатына ие бола алады. Бұл шешім сала мамандарының партияға жолдаған нақты ұсыныстарына жауап ретінде қабылданған. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында енгізілген дәрігерлерді кәсіби сақтандыру жүйесі де маңызды бастамалардың бірі. Енді медициналық қателік салдарынан келтірілген залал маманның жеке қаражатынан емес, мемлекеттік бюджет есебінен өтеледі. Кездесуде МӘМС жүйесінің айқындылығы, дәрігерлердің кәсіби қауіпсіздігі, медициналық қызмет сапасы сынды бірқатар мәселелер көтеріліп, нақты ұсыныстар айтылды.
ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Тағы бір маңызды мәселе, ауылдық жерлерде медицинаның дамуына байланысты. Бұл мәселеге Мемлекет басшысының көңіл бөліп отырғанын өздеріңіз білесіздер. Бұл бағытта ауылдық денсаулық сақтау жүйесін, соның ішінде инфрақұрылымды дамытуға жыл сайын қомақты қаржы бөлініп отыр. Қазіргі таңда жүздеген медициналық нысандар жаңғыртылып, салынуда. Ауылға барып жұмыс істеуге ниет білдірген медицина қызметкерлерінің көтерме ақысы 9 млн теңгені құрайды. Естеріңізде болса, бұл "AMANAT" партиясының сайлаушылар алдында берген уәдесі болатын. Біз уәдемізді орындап, осы тиісті заңды қабылдадық. Заң бүгін, міне, жұмысын жасап жатыр.