Астанада 15 жұп ЭКО бағдарламасына тегін сертификат ұтып алды. Біреулер үшін бұл – жай мереке болса, енді біріне – жылдар бойы күткен арман. Бұл қайырымдылық акциясын еліміздің репродуктивті медицина саласындағы көшбасшысы — IRM Clinic ұйымдастырды.
30 жылдық тарихы бар IRM Clinic өзінің мерейтойын көппен бірге атап өтті. Жаңа филиалдың ашылуымен бірге олар бедеулікпен күресіп жүрген 1000-нан аса отбасыға үміт сыйлады. Ал оның ішінен тек 60 жұп қатаң медициналық іріктеуден өтіп, финалға жолдама алды.
ЛӘЗЗАТ АЙТҚОЖИНА, IRM Clinic РЕПРОДУКТОЛОГ ДӘРІГЕРІ:
3 айдан бері осы жобада жұмыс жасадық. қанша жүздеген отбасы келді. Қаралды, тексерілді. Бүгін міне соған нүктесін қойдық. Іріктеуде міндетті түрде ИРМ Астанадағы репродуктологқа келеді. Жалпы бала көтеруге бола ма, болмайды ма оны тексерді. Қанша жыл бала күткені ескеріледі. Соның бәрін ескере отырып, 15 отбасын бақытты еттік деп айта аламын.
ЭКО бағдарламасын ұтып алған отбасылардың бірі қуанышын көпшілікпен бөлісіп, сәби күтіп жүрген барлық жанұяға осындай мүмкіндік бұйырсын деген тілегін жеткізді.
АЛТЫНГҮЛ КАПАРОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Сәби аңсап жүргенімізге 11 жыл болды. 3 рет эко жасаттық, болмады. Осы ұтысқа аяқ астынан қатыстық. Дәл қазір қуаныштымын. Ұтыс басталғалы жылап отырдым. ИРМ клиникасына көп рахмет!
Шара аясында жаңа клиникаға экскурсия ұйымдастырылып, дәрігерлер заманауи ЭКО әдістері туралы баяндады. Жаңа филиал – IRM Clinic Astana – соңғы үлгідегі зертханалармен, озық ультрадыбыстық аппараттармен және жеке пациенттерге арналған кең диагностикалық бөліммен жабдықталған.
ГҮЛНАРА БЕКЕНОВА, IRM CLINIC ASTANA ЭКО БӨЛІМІНІҢ МЕДИЦИНАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:
Сертификаттың ішіне толық ЭКО бағдарламасы кіреді. Яғни, ұрықтандыру процедурасының өзі, оған дайындық, дәрі-дәрмек, бақылау және күтім. Ал тегін бағдарламаға өтпеген финалистер үшін ЭКО бағдарламасына – 20 пайыз, ал дәрі-дәрмекке – 10 пайыз жеңілдік беріледі.
15 отбасы, 15 болашақ өмір. IRM Clinic бұл бағдарламаны алдағы жылдары да жалғастыруы мүмкін. Бұл – тек бастамасы дейді олар