Оралдық жол сақшылары толғақ қысқан келіншекті перзентханаға аман-есен жеткізді. Орал-Атырау тас жолы бойында полицияны тоқтатқан жүргізуші көлігі істен шыққанын, ал іште әйелі толғатып жатқанын айтып, көмек сұраған. Уақыт тығыз болғандықтан, сақшылар қиналған келіншекті бірден өз көлігіне отырғызып, жақын жердегі ауруханаға асығады. Бұл қарбалас сәт полицияның қызметтік көлігінің камерасына жазылып қалған. Ауруханаға еш кедергісіз жеткен сақшылар келіншекті перзентхана қызметкерлерінің қолына аман-есен табыстапты. Тас жолда толғатқан келіншек көп кешікпей сәбиін өмірге әкелген.
АЛИМА ГАРИФУЛЛИНА, БҚО ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
Қазір ана мен баланың жағдайы қанағаттанарлық. Осылайша, полиция қызметкерлері тағы бір отбасының қуанышына себеп болды.