Астанадағы №91-і мектеп-гимназияда лагерьде демалып жатқан оқушылардың қатысуымен ерекше акция өтті. Жас өрендер нашақорлықтың зардабы туралы білімдерін ортаға салып, спорттық сайыстарда бақ сынады. Шара нашақорлық және есірткі саудасымен күрес айының қарсаңында ұйымдастырылды.
Әзім Камалиддин 5 сыныпты бітіргені жаңа болса да, көпшілік есейе келе білетін ақпараттарды жадына сақтап үлгерді. Тіпті, есірткінің қандай зияны бар екенін тақылдап түрып айтып береді.
ӘЗІМ КАМАЛИДДИН, ОҚУШЫ:
Спорт- өте маңызды. Спорт – денсаулық кепілі. Есірткі қабылдасаң, денсаулығың құриды. Аз өмір сүресің.
Бұл шараға балалар бірнеше күн қатысты. Олар, есірткінің зияндығы туралы жан-жақты ақпарат алып, спорттық сайысқа да дайындалды.
НҰРАЙ РАХАТОВА, ТӘЛІМГЕР:
Негізі кішкентай балалар болғандықтан, оларға негізгі «Зиян» және «Жақсы» деген ұғымдарды үйрету маңызды. Балалар қоршаған әлемді енді ғана көріп жатқандықтан, оларға көп нәрсені үйрету қиын емес.
Аға тәлімгер Жомарт Оралдың айтуынша, бір маусым ішінде бүлдіршіндер салауатты өмір салтына бейімделіп қана қоймай, Ұлттық құндылықтарды да бойына сіңіреді.
ЖОМАРТ ОРАЛ, АҒА ТӘЛІМГЕР:
Бұл лагерьде балаларды Ұлттық қолөнерге баулимыз және Ұлттық ойындарды ойнатамыз. Оның ішінде «Ақсерек-Көксерек», «Асық ату» деген ойындарға баулимыз.
Ал, балалардың жанында жүрген тәлімгерлер – болашақ ұстаздар. Өздері мектеп бітіргендері кеше ғана болса да, бала тәрбиесіне қосқан үлесі көп, - дейді білім басқармасының өкілдері.
ГҮЛСІМ ХАСЕНОВА, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
Волонтерлар – колледж студенттері. Олар – болашақ педагогтар. Біздің лагерлерде тәрбиеші болып жұмыстарын атқарып жатыр.
Жалпы, есірткіге қарсы және спорттық шаралар қала бойынша барлық мектептерде жүйелі түрде жүргізіледі. Оған қоса, қалалық білім басқармасының бастауымен Ұлттық құндылықтарды ұғындыруға арналған жұмыстар да тұрақты түрде қолға алынған.