$521.57 €601.01 ₽6.65
×

Ақсуда қатты желден құрылыс краны көпқабатты үйге құлады: тұрғындар баспанасыз қалды

AstanaTV
22.06.2025ж. 15:15
64
Ақсуда қатты желден құрылыс краны көпқабатты үйге құлады: тұрғындар баспанасыз қалды

Павлодар облысының Ақсу қаласында тұрғындар үшінші тәулік қатарынан үрей мен белгісіздік жағдайында өмір сүріп жүр. Оған себеп – құрылыс кранының тұрғын үйге құлауы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға Дөнентаев көшесі, 46-үйде болған. Желіде оқиға орнынан түсірілген фотолар мен видеолар тарады. Куәгерлердің айтуынша, кран қатты желдің салдарынан құлаған.

Алайда, тұрғындардың айтуынша, қала билігі тарапынан ешқандай нақты әрекет жасалмаған. Олардың сөзінше, әкімдік өкілдері үйге келмеген, ешкім эвакуацияланбаған.

«Бүгін үшінші күн болды – кран әлі үйдің үстінде жатыр. Бізді ешкім эвакуациялаған жоқ, әкімдіктен ешкім келген жоқ, ешқандай ақпарат берілмеді. Балаларымызбен бірге туыстарымыздың үйін паналап жүрміз. WhatsApp арқылы әкімдікке жазамыз – тек «өтініш қабылданды» деген жауап келеді. Болды. Тып-тыныш», – деп жазады тұрғындар.

Тұрғындардың айтуынша, кран конструкциясы қауіпті күйде тұр, ал үй зақымданған болуы мүмкін. Олар тез арада көмек көрсетуді, тұрғындарды эвакуациялауды және ғимараттың техникалық жағдайына баға беруді талап етіп отыр.

Аталған жағдайға қатысты Ақсу қаласының әкімдігі пікір білдірді. Жергілікті билік жағдайға талдау жүргізуге уәде берді.

«Ауа райының қолайсыздығына байланысты кранды көтеру уақытша мүмкін емес. Жұмыс ауа райы тұрақталған кезде басталады», – делінген әкімдік хабарламасында.