Бүгін, 2025 жылдың 23 маусымы күні SCAT әуе компаниясының халықаралық және ішкі рейстерінде өзгеріс болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы компания әлеуметтік желідегі парақшаларында хабарлаған. Дереккөзге сүйенсек, компанияның ұшақтарына зақым келгендіктен, бірнеше рейс кешігеді. Ал, бірнеше елдегі соғысқа байланысты бір рейс тіпті тоқтап қалған.
2025 жылғы 23 маусымда мына үш бағыттағы рейстер кешігеді:
Алматы – Шарм-эль-Шейх
Алматы – Анталья
Анталья – Алматы
«Сондай-ақ, халықаралық жағдайға және кейбір елдердің аспанында шектеу енгендіктен, 2025 жылғы 23 маусымға жоспарланған Астана – Доха рейсі ұшпайды», - деп хабарлады компания.
Сондай-ақ, компанияның баспасөз қызметі хабарлап отырғандай, бірнеше қаланың үстінен ұшқан кезде компанияның ұшақтарына құстар соғылған.
«Бірқатар қалаларда әуе компаниясының ұшақтарына құстар соғылып, ұшақтарға зақым келді. Мұндай жағдайлар форс-мажорға жатады, сондықтан, компания форс-мажорды болжап, бақылай алмайды», - деп мәлімдеген компания.
Дегенмен, форс-мажорға байланысты кешіккен рейстің жолаушыларына компания қонақ үй мен тамақ ұсынуға міндетті.