Алдағы жеті күн «Заң және тәртіп» апталығы боп бекітілді. Енді бір жұма құқықтық мәдениетті нығайтуға, сондай-ақ құзырлы органдардың абырой-беделін арттыруға арналады. Құқық қорғау қызметкерлерінің кеңейтілген алқа мәжілісінде осылай деген Мемлекет басшысы бұл бір реттік акция емес, азаматтардың құқықтық сана-сезімін көтеретін маңызды шара болатынын айтты. Қазақстанды жайлы әрі қауіпсіз мемлекет ету жұмыла әрекет етуге шақырды.
Елге қызмет ету – ең құрметті әрі аса жауапты міндет. Қазіргідей алмағайып заманда құқық қорғау жүйесіндегі барлық құрылымдар жұмыла жұмыс істеуі керек. Бұл бағытта атқарылған іс аз емес. Мемлекет құқық қорғау жүйесін жетілдіруге, барлық салада заң мен тәртіп орнатуға баса мән беріп отыр. Қол жеткізген нақты нәтиже жетерлік.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
2019 жылдан бері қылмыстық құқықбұзушылық саны шамамен екі есе азайды. Соның ішінде қарақшылық, тонау, ұрлық пен бұзақылық деңгейі 4 есе төмендеді, ал кісі өлтіруге қатысты қылмыстар 30 пайызға кеміді. Қоғамдық орындардағы қылмыс саны 80 пайызға азайды. Бұл – азаматтарымыз көшеде ештеңеден қауіптенбей, алаңсыз жүре алады деген сөз.
Отбасылық зорлық-зомбылықпен күрес және әйелдер мен балаларды қорғау бағытында заңнамалық, институционалдық тұрғыдан батыл қадамдар жасалуда. Заңға енгізілген түзетулер нәтижесінде жаза күшейді. Соның арқасында орташа және ауыр деңгейдегі отбасылық-тұрмыстық қылмыс саны жыл басынан бері 30 пайызға төмендеді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Жалпы, соңғы 5 жылда әйелдерге қатысты құқық бұзушылықтар екі есе азайды. Ең бастысы, қазір қоғамдық сана түбегейлі өзгеріп жатыр. Азаматтарымыздың бойында отбасындағы қатігездік пен озбырлыққа мүлдем төзбеушілік қасиеті қалыптасуда.
Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы кешенді жұмыс өз нәтижесін беруде. Биылдың өзінде 83 есірткі зертханасы жойылды. Айналымнан алынған есірткі заттарының көлемі 84 пайызға ұлғайды. Зиянды затты өндіргені үшін берілетін жаза қатаңдатылды. Бірақ бұл мәселенің шешімі емес. Мұны Мемлекет басшысы да қадап айтты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бірақ бұл саладағы жұмыс әлі де толығымен біткен жоқ, түйткілдер жеткілікті, шешілмеген мәселелер еліміздің қауіпсіздігіне, тұрақтылығына сын-қатер төндіруде. Бүкіл қоғамды алаңдатып отырған ең қауіпті үрдіс: жастар нашақорлыққа үйір бола бастады. Бұл – үлкен қатер, оны жасырмауымыз керек.
Тапқанын жасырып, табысын еселеп отырғандар бар арамызда. Келелі жұмыстың арқасында көлеңкелі экономиканың үлесі 23-тен 16 пайызға төмендеді. Әлі де жоғары деңгей сақталып отыр. Президент Мемлекет жауапкершілігі мол әрі адал кәсіпкерлерді қорғап, қолдау білдіретінін жеткізді. Сонымен қатар, қолда барда қонышына басып, қалтасын қампайтқандардан алынған қаражатқа мектептер салынуда. Үш жылдың ішінде 89 білім ордасының құрылына 150 млрд теңге бөлінді. Бүгінде оның 61-і халық игілігіне берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлыққа қарсы күресті тиімді жүргізу үшін жаңа тәсілдер керегін айтты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Құқық қорғау органдары түбегейлі өзгерістерге дайын болуға тиіс. Түйткілдің бәрін жан-жақты ойластырып, жоспарлы түрде шешу қажет. Құзырлы органдардың негізгі мақсаты – нақты нәтижеге қол жеткізу.
Мемлекет басшысы Әділетті әрі қауіпсіз Қазақстанды құру үшін заң мен тәртіп үстемдігін түбегейлі орнықтыру керегін айтты. Бұл – барша азаматтың мүддесін, құқығы мен бостандығын қорғаудың мызғымас тірегі. Халқымыз қашанда заңға бас иген, дала заңын сақтаған. Бұл «Заң және тәртіп» қағидаты ұлтымыздың рухы мен дүниетанымына толық сай келетінін көрсетеді. Заң мен тәртіп басты құндылыққа айналса, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, есірткі саудасы, лудомания сияқты қатерлердің тамырына балта шабылатыны анық.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Заң – қысым көрсетуге немесе қудалауға арналған құрал емес. Заң – әр адамның құқығы мен бостандығының қорғаны. Біз осы ақиқатты терең түсінетін азаматтық және мәдени орта қалыптастыруымыз қажет. Тәртіп – жалпыға ортақ құндылыққа, ал заңға бағыну – әркімнің өмір салтына айналуға тиіс.
Заң және тәртіп апталығы. Алдағы 7 күн құқықтық мәдениетті нығайтуға, сондай-ақ құқық қорғау органдарының абырой-беделін арттыруға арналады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бұл бір реттік акция емес, азаматтардың құқықтық сана-сезімін көтеретін маңызды шара болмақ.
Қылмыс оған қолайлы болған жерде өршиді. Қылмыстың салдарымен ғана күресу жеткіліксіз. Заңға қайшы әрекетке түрткі болатын себептерді алдын-ала анықтап, жойып отыру керек. Осы бағытта жасанды интеллект пен «үлкен дереққор» мүмкіндіктерін жұмлдыру маңызды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Жалпы, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласына цифрлық технологиялар мен басқа да озық шешімдерді енгізуді жалғастыру керек. Мұнда салалық министрлік негізгі рөл атқарады. Жұмыс үдерісін барынша цифрландыруды тапсырамын. Бұл тиімділікті арттырып, жемқорлық тәуекелдерін азайтады.
Биыл жазасын өтеп жатқан 15 мың адамға амнистия жарияланды. Соның 2 мыңы бостандықа шығады. Қалғандарының жаза мерзімі қысқарады. Бұл жаза басқан жандарға жасалған нақты көмек. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет қателік жасаған азаматтан тріс айналмайтынын, тек оның дұрыс жолға түсуіне жәрдем беретінін айтты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Осы бағытта нақты нәтиже болу үшін қылмыстық атқару жүйесін барынша жетілдіру қажет. Негізгі мақсат – сотталған адамды қоғамнан алшақтату емес. Тиісті тәрбие жұмысын жүргізу өте маңызды. Олардың бойына заң мен тәртіп құндылығын сіңіретін және қалыпты өмірге оралуына ықпал ететін озық тәсілдерді енгізу керек.
Мемлекет басшысы учаскелік инспекторлардың әлеуетін нығайтуды тапсырды. Себебі олар мемлекет пен қоғам арасындағы дәнекер саналады. Әсіресе ауылдық жерлердегі тәртіп сақшылары тұрғындар үшін қорғаушы, құқықтық кеңесші, тіпті, әділдік сұрап жүгінетін соңғы инстанция. Енді оларға шен берген кезде жеңілдік жасалады. Бір жылдық еңбек өтілі бір жарым жыл деп есептеледі. Президент оларды баспанамен қамтуды да ұмыт қалдырмады. Оны өңір әкімдеріне жүктеді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Учаскелік полицияны жаңғыртумен қатар патрульдік бекеттер қызметінің жұмысын қайта қарау қажет. Патруль қызметкерлері азаматтармен жұмыс барысында әдеп сақтап, кәсібилік танытқаны жөн. Өз кезегінде азаматтар да полицияның заңды талабына бағынуға міндетті. Әйтпесе көшеде тәртіп болмайды.
Енді құқық қорғау органдарында мінсіз қызмет атқарғандарға «құрметтіі қызметкер» атағы беріледі. Кейбір құрылымдарда бұл атақ басшыларға ғана бұйырады. Сонымен қатар, көшелер мен құқық қорғау мекемелеріне қызмет бабында қаза тапқан қаһармандардың есімі беріледі.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Жедел қызметкерлер, тергеушілер, прокурорлар, криминалистер, патруль қызметкерлері, учаскелік инспекторлар мен басқа да құрылым қызметкерлері күн сайын ел тыныштығын қас қақпай күзетуде. Ешқандай қауіп-қатерге қарамастан, Отан үшін жасап жатқан адал қызметтеріңізге зор ризашылығымды білдіремін.
Құқық қорғау мекемелерінің жұмысында қателік жоқ деп айта алмаймыз. Бірақ қара бұлтты төндірудің де қажеті жоқ. Мемлекет басшысы әрбір азамат ел үшін қызмет етіп, жұмыс істеуі керегін айтты. Бұл баршаға ортақ парыз. Қазақстан қауіпсіз, заң мен тәртіпке бағынатын ел болуы қажет. Жиында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді атсалысып, көпке үлгі көрсеткен бір топ адам марапатталды.