Отбасына озбырлық көрсеткен 46 мың адам жауапқа тартылып, 14 мыңы қамауға алынды. Дағдарыс орталығықтарында 3 мың әйелге көмек көрсетілді. 6 мың отбасында сауалнама жүргізілген. Тағы бір айта кетерлігі, 41 агрессор ем алуға келіскен. Ерекше атап өтетін жайт, биыл балаларға қарсы қылмыс 87 пайызға, ауыр қылмыс 19 пайызға азайды. Бұның барлығы тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңның арқасы. Отбасы қауіпсіздігін сақтау бойынша жұмыс тоқтап қалмайды. Ақмола облысында Қоғамдық палатаның көшпелі отырысында осы мәселе сөз болды. Жиынға қатысқан Парламент Мәжілісінің депутаттары мен бірқатар ведомство басшылары Президент тапсырмасымен қабылданған заң оң нәтиже көрсеткенін атап өтті. Парламент Мәжілісінің төрағасы – Ерлан Қошанов та, бұл пікірмен келісті. Болашақта, кері байланысқа құлақ түріп, қабылданған заңның орындалуы бақылауда болатынын да тілге тиек етті.
ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы ымырасыз күрес – Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың берік ұстанымы. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы заң «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асырудың жарқын мысалы болды. Оған халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары баға берілді. Қазірдің өзінде мұндай қылмыстарды азайтуда оң өзгерістер байқалып отыр. Бүгінгі кездесу оны әрі қарай күшейту қажеттілігі бар ма, жоқ па соны түсінуге мүмкіндік береді.