$523.46 €600.04 ₽6.69
×

АҚШ әскері Иранның ядролық нысандарына соққы жасады

23.06.2025ж. 20:00
58
АҚШ әскері Иранның ядролық нысандарына соққы жасады

АҚШ Иранға шабуыл жасады. Өзінің СТЕЛС ұшақтарымен 3 ядролық нысанды дәл көздеген. Дегенмен, АҚШ қорғаныс министрлігі: «Иранға соғыс ашпадық, бұл жай ғана соққы», - дейді. Израиль Премьер-министрі – Биньямин Нетаньяху болса, бөркін аспанға атып қуануда. Иран АҚШ базаларын бомбылап, Ормуз түбегін жауып тастаймыз, - деп қорқытты. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықтық. 

Трамп ақыры соққы жасады. Парсы шығанағына әуе тасымалдайтын 3 кемені жібергенде-ақ белгілі болған, - дейді сарапшылар. Онсыз да Әуе Қорғанысы Күштері қалмаған Иранның 3 аймағындағы ядролық нысандардың күллі көкке ұшқан. Шабуылдан кейін бірден Трамп халыққа үндеу жасады.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Фордо, Натанз және Исфахандағы нысандарға сәтті соққы жасадық. Барлық ұшақтарымыз Иран әуе кеңістігінен шығып үлгерді. Әлемде осындай қимыл жасай алатын армия жоқ. Бұл – АҚШ, Израиль және өзге әлем елдері үшін тарихи сәт. 


Нетаньяхудың қуаныштан басы төбеге жетуіне сәл қалды. Оның айтуынша, Ирандағы миссия сәтті аяқталуға жақын. Енді Ислам республикасы ядролық қару жасай алмайды, - дейді Израиль Премьер-министрі.

БИНЬЯМИН НЕТАНЬЯХУ, ИЗРАИЛЬ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Бұл режим бізді жойғысы келеді. Олардың ең қауіпті екі қаруы бар. Олар: ядролық қару мен баллистикалық зымырандар. Ираннан төнетін қауіпті жоюға сәл қалдық. Сатылы түрде өз мақсаттарымызға жетіп келеміз. Президент Трамптың арқасында, жеңіске жақындай түстік.


Иран енді АҚШ әскери базаларына емін-еркін соққы жасаймыз, - дейді. Оның үстіне, әлемдік мұнай саудасының басым көпшілігі жүргізілетін Ормуз түбегін де бөгеп тастайтындарын айтты. Айта кетейік, Иран БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын шақырды.

АББАС АРАКЧИ, ИРАН СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

Иран өз тәуелсіздігі мен халқының мүддесін қорғау үшін қолында бар барлық қарумен қарымта қайтарады. Біріккен Ұлттар Ұйымының ұстанымдары да біздің жағымызда. Бұл барып тұрған басбұзарлық. АҚШ бұл үшін жауап береді.


Иранды кенеттен Түркия басшысы да қолдады. Режеп Тайып Ердоғанның айтуынша, ешқай елдің Иранға шабуылдауға құқығы жоқ. Оның үстіне, Таяу Шығыстағы ахуал алапат соғысқа айналып кетуі мүмкін, - дейді Ердоған.

РЕЖЕП ТАЙЫП ЕРДОҒАН, ТҮРКИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:

Түркия Иранға қарсы бағытталған кез-келген шабуылдарға қарсы. Иран тәуелсіз мемлекет болғандықтан, ешкімнің соққы жасауға құқығы жоқ. Бұл шабуылдар, бүкіл аймағымыз үшін қауіп төндіреді. Бірақ, біз тараптарға дипломатиялық көмек көрсетуге дайынбыз.


Айта кетейік, Парсы Шығанағындағы барлық дерлік Араб елдерінде АҚШ әскери базалары орналасқандықтан, Иран соққы жасауы мүмкін.