Павлодар облысындағы дүлей дауыл бірқатар былықтың бетін ашты. Ақсу қаласында жаңадан салынған екі қабатты үйдің шатырын ұшырып әкеткен. Салдарынан баспана тұруға жарамсыз болып қалды. Себебі, құрылысшылар үйдің төбесін бетонмен жаппаған. Тек ағаш тақтайлармен ғана бітеп қойыпты. Шатырсыз қалған баспаның ішінен аспан көрініп тұр. Ал тұрғындар қайда барарын білмей дал болып отыр.
Шолпан Ахметова – осы үйге жақында ғана көшіп келген. Қатты дауыл екі қабатты үйдің шатырын жұлып әкетіпті. Қазір ашық аспан астындағы пәтерде тұрып жатыр. Ашық аспан деп отырғанымыз үйдің төбесіне бетон плита қойылмаған. Тұрғындар бұндай сорақылықты бұрын соңды көрмегенін айтады.
ШОЛПАН АХМЕТОВА, АҚСУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Біз көрмесін, қабылдасын деп, құрылыс бөлімі мынандай төбе қабықшасын тартып тастаған. Көргенде әп-әдемі, жап-жақсы, аппақ болып тұрған. Енді қарасақ, төбеде плита жоқ. Ештеңе жоқ, міне.
Үйдің сапасыз салғаны соншалықты баспананың төбесімен қоса қасбеті де құлаған. Абырой болғанда, адамдар дер кезінде қашып шығыпты.
РАЙЫМГҮЛ ӘЛІМБАЕВА, АҚСУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Міне, әйнегім сынды. Кеше дауыл болды. Қап-қараңғы болды. Екі баламмен шошып отырдық. Дауыл басылған соң біз далаға шыққанда астаң-кестеңі шығып жатты.
Баспанасыз қалған тұрғындарға әкімдік уақытша тұруға үй бермек. Ал сапасыз үй салған мердігер баспаны жөндеп беруге міндеттелінді.
ЕРЖАН САЛХАНОВ, АҚСУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
2024 жылы қараша айында осы үйлер әлеуметтік осал отбасыларға әдейі сатып алынған. Мердігердің кепілдігі бар. Жаңа көріп отырсыздар, мердігер қалпына келтіру жұмыстарына кірісті. Кепілдік бойынша қалпына келтіреді.
Жылдамдығы 43 метр секундқа жеткен дүлей дауылдан аймақтағы 300-ге жуық нысанған зақым келтірген. Екпінді желден Ақсу қаласының ауылдық аймағы қатты зардап шекті. Әлі күнге дейін жарықсыз отырған ауылдар бар. Мамандар барлығына бірдей үлгермей жатқандарын жеткізді.