$537.63 €622.52 ₽6.69
×

"Журналистерге айрықша сенім мен жауапкершілік жүктелген", - Президент

"Журналистерге айрықша сенім мен жауапкершілік жүктелген", - Президент

Отандық журналистер әрдайым шығармашыл, жаңашыл әрі дамуға құштар.  БАҚ өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтаған Мемлекет басшысы ақпарат саласының қызметкерлеріне осылай баға берді. Қоғам пен билік арасында алтын көпір болып, халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған бір топ журналисті Мемлекеттік наградамен марапаттады. 

Ұлттық медиа халықтың үні, ал журналист жасампаздық жаршысы. Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күнімен құттықтаған Президент тілшілердің тірлігіне осылай баға берді. Мемлекет саясатын елге түсіндіріп, қоғам мен биліктің арасында алтын көпір болып жүргені үшін ризашылығын білдірді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Елімізде жасалып жатқан реформалардың мән-мағынасын жұртшылыққа жеткізіп жүрсіздер. Бұл – өте маңызды, күрделі, ерекше жұмыс. Әрбір адамның қолынан келмейді. Мен бүгін бәріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін.


Бүгінде әлем жаңа дәуірге қадам басты. Жасанды интеллектінің кеңінен таралуы кез келген мамандыққа,   соның ішінде журналистика саласына жаңа талаптар қояды. Сарапшылардың көбі алгаритмдер болашақта адам еңбегін алмастыруы мүмкін екенін айтады. Алайда бұл өзгерістер тілшілік тіршіліктің жаңа мүмкіндіктерін, екінші тынысын ашуы мүмкін.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:


Отандық журналистер әрдайым шығармашыл, жаңашыл әрі дамуға құштар. Сіздердің жаңа технология мүмкіндіктерін толығымен пайдаланатындарыңызға сенімдімін. Бүгінде елімізде медиасаланың, соның ішінде блогосфераның қанат жаюына барлық жағдай жасалған. Оқиға ортасынан шынайы ақпарат таратуда өздеріңізге мол жауапкершілік жүктелген. Мұны сезіне білу өте маңызды.


Міржақып Дулатов айтпақшы «қай елдің баспасөзі күшті болса, сол жұрттың өзі де күшті». Шын мәнінде, сөз қуатты қару. Бір ауыз сөз араз елді тату етеді, тату елді араз етеді. Бүгінде журналистерге айрықша сенім мен жауапкершілік жүктелген. Ақпарат тасқынында сенімді дерек, дәйекті талдау ұсынудың мән-маңызы артып, журналистің ағартушылық миссиясы алдыңғы қатарға шықты. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:


Кез келген ақпаратты мұқият елеп-екшеп, жұртқа дұрыс жол көрсету өте маңызды. Бұл ретте, сіздерді ақпарат әлемінің темірқазығы деуге болады. Мен журналистеріміздің әр мәліметті ұлт мүддесі тұрғысынан саралай аларына сенемін. Өйткені өзім көп оқимын, сіздер жазған мақалалармен, ой-пікірлермен таныспын.


Ақпарат саласының ардагерлерінің де еңбегі елеусіз қалмады. Сауық Жақанов, Жарылқап Бейсенбайұлы, Шархан Қазығұл сияқты журналистика майталмандарына Қасым-Жомарт Тоқаев ризашылығын білдірді. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сіздер ұлттық ақпарат саласын дамытуға зор үлес қостыңыздар. Тілшілердің тұтас буыны өздеріңізге қарап өсті. Сіздерге зор ризашылығымды білдіремін. Қай салада болсын, адал еңбек лайықты бағалануға тиіс. Бұл – бәріміз бірге құрып жатқан әділетті қоғамның мызғымас ұстанымы.


Ақерке Берікбекқызы арнамыздың абыройы үшін тер төгіп жүр. 21 жыл ақпарат жолында еңбек етіп, жаңалықтардың жаршысына айналды. Біраз жас маманның белін буып, болашаққа бағдар көрсетті. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» телеарнасының шеф-редакторын «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттады. Бұл - адал қызметтің жемісі.

АҚЕРКЕ БИЯТОВА, "ЕРЕН ЕҢБЕГІ ҮШІН" МЕДАЛІНІҢ ИЕГЕРІ:


Телевизия синтездік өнер. Бір материалдың бойында үлкен ұжымның еңбегі жатыр. Бұл маған берілген марапат емес. Біздің телеарнаға берілген баға деп білемін. Сондықтан біздің көзіқарақты көрермен алдындағы жауапкершілігіміз одан сайын арта түспек.


Журналистердің жегені жантақ, арқалағаны алтын. Ал мемлекет тарапынан бағаланған еңбек – бұл журналистика саласына деген құрмет пен қолдау.