Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданы Сайқын ауылында жүк көлігі пойызбен соқтығысып, отқа оранды. Облыстық Төтенше Жағдайлар департаментінің хабарлауынша, тепловозға 90 вагон тіркелген. Апатқа ұшыраған пойыздағы өрт дереу өшіріліп, пойыз вагондары шұғыл түрде ағытылған. Темір жолдың қауіпсіз учаскесіне жеткізілген соң, пойыздағы сұйытылған газдың ақпағаны анықталды. Осылайша экологиялық және техногендік апатқа жол берілмеді, дейді төтеншеліктер. Ал теміржол өткелінен жүк пойызын өткізбей, апат жасаған 67 жастағы жүргізуші сол жерде көз жұмған. Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.