$519.26 €602.13 ₽6.62
×

Павлодардағы балабақшалардың бірінде тәрбиеші балаларды жапай ұрып соққан

24.06.2025ж. 20:00
43
Павлодардағы балабақшалардың бірінде тәрбиеші балаларды жапай ұрып соққан

Павлодардағы балабақшалардың бірінде тәрбиеші балаларды жапай ұрып соққан. Оның қатыгез  әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Аталған дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Ал балалардың ата-анасы тәрбиешінің қатаң жазалануын сұрайды. Мәселенің мән-жайын тілшіміз Өзгеріс Қуанар біліп келді. 

Тәрбиешіден теперіш көрген балалардың бірі — Хаба Воукоеваның жиені. Ол кейінгі кездері балабақшаға барғысы келмейтінді шығарған. Осыдан күдіктенген ата-анасы бейнебақылау камерасын тексерген. Бейнетаспаны бақылау барысында тәрбиешінің балаларды аяусыз ұрып соққаны белгілі болды. 

ХАВА БОУКОЕВА, ЗАРДАП ШЕГУШІ БАЛАНЫҢ ӘПКЕСІ:

Кейінгі кезде жиенімнің мінез құлқы өзгеріп, балабақшаға барудан бас тартты. Тіпті, балабақшаға келген кезде жылап, әрең қалатын. Бірақ, біз тәрбиеші апайы баланы ұрады, соғады ойламадық. Тек бейнежазбаны көргенде ғана көзіміз жетті. Баланы бастан, ішінен ұрып, шашынан жұлған. Бұндай қатыгез адамды балалармен жұмыс істетпеу керек. Қатаң жаза алуын сұраймыз. 


Тәрбиеші балаларды бас көз демей ұрған. Бейнежазбадан оның бір баланы ғана емес, барлығын кезек кезек ұрып, жұлқылағаны анық көрінеді. Полицияға 10-ға тарта ата-ана шағым түсірген. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

АЛТЫНБЕК МЕДИЯРОВ, ҚАЛАЛЫҚ ОҢТҮСТІК ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамаған адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталатын болады. Сондай-ақ, балабақша басшылығының іс әрекетіне құқықтық баға беріледі. 


№116 балабақшадағы  балалар 2 жастан енді ғана асқан бүлдіршіндер. Олардың көбі жас ерекшелігіне байланысты әлі сөйлемейді. 

СӘУЛЕ ШӘКЕНОВА, ОБЛЫС БОЙЫНША БАЛАЛАР ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ ЖЕДЕЛ УӘКІЛ:


Зардап шеккен барлық балалармен психологтар жұмыс істеп жатыр. Ал балабақшадағы бейнебақылау камерасына жазылған таспалар тәркіленді. Сондықтан, зардап шегушілер қатары әлі де көп болуы мүмкін. Өйткені, бұл оқиға бүгін ғана емес, ұзақ уақыттан бері жалғасқан болуы да ықтимал. 


Қалалық білім бөлімі тәрбиешіге қатысты  қызметтік тексеріс басталғанын хабарлады. Ол уақытша жұмыстан шеттетілген. Заңға сәйкес тәрбиеші мен мекеме басшысына қатысты қатаң шара қолданылатынын жеткізді. Тәрбиеші аталған сәбилер бақшасында 1 жылдан аса уақыт жұмыс істеген.