$538.33 €626.99 ₽6.71
×

"Жолдың жоқтығынан ауруханаға жете алмай, қайтыс болғандар бар", - тұрғын

AstanaTV
24.06.2025ж. 20:00
"Жолдың жоқтығынан ауруханаға жете алмай, қайтыс болғандар бар", - тұрғын

Жолдың жоқтығынан ауруханаға жете алмай, қайтыс болғандар бар. Ерейментау ауданына қарасты Алғабас ауылының тұрғындары арнамызға осылай деп шағымданды. Тіпті елдімекеннен  70-ке тарта отбасы көшіп кетіпті. Мәселе қалай шешілмек? Назерке Алтынбек ауылға барып келді. 

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Мұндағы тұрғындар жылдар бойы шешілмей келе жатқан жол мәселесіне наразы. Көріп тұрғандарыңыздай, арнайы жол да жоқ, тек көлік салған із ғана. Жаңбыр жауса, бұл жермен жүру мүмкін емес. Ал қыс түсе, қардың қалыңдығынан ауыл халқы қатынассыз қалады. 


Ерейментау ауданынан, Алғабас ауылына дейін шамамен 30-35 шақырым. Оның 17 шақырымы ғана ішінара жөнделген, қалған бөлігі жылдар бойы қараусыз қалған. Ауыл тұрғыны Ғазиз Жаманбалаұлы осы мәселені көтеріп, құжаттарымен біраз жердің есігін тоздырғанын айтты. 

ҒАЗИЗ ЖАМАНБАЛАҰЛЫ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Жол мәселесін көтерейік деп, мында қатынай алмаймыз. Мұнда қаншама халық тұрып еді, 80 семьядан қазір қалғаны осы міне, 10 шақты семья қалды. Бәрі кетіп қалды. 


ЖӘМШИТ АХМЕТОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Ерейментаудан келе жатқандағы шағын жерде грейдер бар, енді 17 шақырымдық жерге грейдер салып берсеңіздер, сол біздің арманымыз. Жолда осы босанып қоя жаздаған әйелдер болды. Соқырішек болып жете алмай қалып қайтыс болғандар да болды. Халық көшті сосын, енді не істейді. 


Ауыл маңында орналасқан “Бұйратау” мемлекеттік ұлттық табиғи паркі де жолдың кесірінен туризмнен қағылып отыр. Парк аумағында Қызыл кітапқа енген жануарлар мекендейді. Туристер үшін тартымды мекен бола тұра, жолдың нашарлығы оларға да қолбайлау.

ТАЛҒАТ САҒЫНДЫҚ, "БҰЙРАТАУ" МЕМЛЕКЕТТІК ҰЛТТЫҚ ТАБИҒИ ПАРКІ ЕРЕЙМЕНТАУ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Тур агентікттер,тур фирмалармен хабарласқаннан кейін, жол мәселесін сұрағаннан кейін көбіне келгілері келмей қалады. Бірақ та біздің енді табиғатымызда өте әдемі, орынды жерлеріміз көп. Жол мәселесі қиын болып тұр, туристтер келуіне. 


Ал әкімдік бұл мәселеден хабардар. Алайда нақты шешім қаржы мәселесінде деп қысқа қайырды.

НҰРЛАН МҰҚАТОВ, ЕРЕЙМЕНТАУ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Бұл проблеманы әуелден білеміз. Кеңес заманынан келе жатқан проблема ғой. Бірақ, оны шешу үшін, халық айтқандай жаңа грейдер салуымыз керекпіз.  Оны айтып жатырмыз, ол бюджеттің ақшасы, оны тиімді пайдалану керек. Асфальттік жолды қарасақ, 1 шақырымы 500.000.000 теңге. Сонда жалпы 25 шақырым ғой, 12 жарым миллиард теңге ақша қажет болады. 


Тұрғындар ауылшаруашылығымен күн көріп отыр. Бірақ жолдың болмауы елдің көшуіне, жергілікті туризмнің тоқырауына алып келген. Халық «Осылай кете берсек, бір күні бұл өңір иесіз қалуы мүмкін» деп алаңдаулы.