$519.51 €611.83 ₽6.6
×

БҚО-да мал белгісіз дертке шалдығып, пышаққа ілігіп жатыр

24.06.2025ж. 20:00
87
БҚО-да мал белгісіз дертке шалдығып, пышаққа ілігіп жатыр

Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданына қарасты ЮбилЕйное ауылының малы белгісіз дерттен баудай түсіп жатыр. Ауыл халқы соңғы күнде 20 шақты сиыры пышаққа іліккенін айтады.

Тұрғындарды жалғыз күнкөрісінен айырған жұмбақ кеселдің неден шыққаны әлі күнге белгісіз. Әзірге ауылдықтар алдындағы малын арам өлтіріп алмас үшін сойып алуға мәжбүр. Осылайша бағымдағы 130 сиырдың 18-ін етке тапсыруға тура келіпті. Ауырған малдың ауызы іріңдеп, жара шығады екен. Кейбірі тіпті жасаған ем-домға да көнбеген. Енді ауыл тұрғындары жергілікті әкімдік пен жауапты органдардан көмек күтеді. Әйтпесе күзге дейін қорасындағы малынан айрылып, таяқ ұстап қаламыз ба деп қорқады. 

РУСЛАН ҚҰСАЙЫНОВ, ЮБИЛЕЙНОЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Теректі ауылында бір улы шөп өседі дейді. Яғни, жаңбыр жауған кезде ол уын өте қатты шашады екен. Сол шөптен бола ма деген ойым, күдігім бар. Себебі бұл кукуруз болсын, суданка болсын, қандай шөп болса да, оны мал жеп жүр. Төрт баспақ, бір қашар кетті. Он шақты қой кетті. Баспақ пен қашар арам өлді енді. Қашардың ішін ашып қарадым. Іші өртеніп кеткен қып-қызыл болып.


БЕЙБІТ ҚУАНЫШҚАЛИЕВ, ЮБИЛЕЙНОЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Даладан сойдық енді амал жоқ, арам өлтіреміз бе? Енді оны делдалдар өте арзан бағаға - 1500-ден алып кетті килограмын вынужденный забой деп. Екі бас малым кетті, босқа кетті қыстан шығарғаным. Қой, ешкі малы да өліп жатыр, шығын болып жатыр. Бізге әлі нақты жауабын берген жоқ. Сол сынаманы күтіп отырмыз. Қатерлі ауру болмаса екен деп тілеп отырмыз ғой. Сүтіп пайдаланып отырмыз, етін пайдаланып отырмыз. Бала-шағамыз бар, немерелеріміз бар. Біз қатты зардап шегіп жатырмыз.


Ал ветеринарлар ауырған малдан алынған сынаманы сараптама жасауға жіберіпті. Енді нәтижесін күтіп отыр. Әзірге мал жақын маңдағы егістікке жайылып, күпті боп өлді деген болжам жасапты. Бірақ мұның қаншалықты қисынды екенін сараптама анықтайды. 

НҰРҚАЙЫР ҚҰСАЙЫНОВ, БҚО ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Визуально қарағанда ешқандай етте, ішкі органдарында ешқандай өзгерістер анықталған жоқ. Сойғанда малдардың ішкі қарындарын жарып қарадық сол кезде. Сол ішкі қарындары көк массамен нығыздалып кептеліп тұр. Болжамды диагноз -  көк шөптің көптігінен ас қорыту жолының кептелуі. Соның салдарынан малдар ауырып, лажсыз сойылып тұр.