$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Қарағандыда ауыл тұрғындары көпбалалы анаға көмектесті

24.06.2025ж. 20:00
99
Қарағандыда ауыл тұрғындары көпбалалы анаға көмектесті

Қарағандыда ауыл тұрғындары көпбалалы жалғызбасты анаға үйлі болуға көмектесті. Жомарт халық қиын жағдайда далада қалған әйелді 6 баласымен бірге өздерінің Бұқар жырау ауданына қарасты Ақбел ауылына көшіріп алды. Ақбелдіктер Әсия Қабдолла туралы «Amanat»  партиясының әлеуметтік желідегі парақшасынан оқып білген. Көпбалалы ана ең алдымен партияның облыстық филиалынан көмек сұраған болатын. Белсенділер әлеуметтік желі арқылы Әсияға көмектесуге шақырады. Осылайша көптің көмегімен қиын жағдайдан құтылған әйелмен тілішіміз кездесті. 

Әсия Қабдолла 41 жаста. Төрт қыз екі ұлдың анасы. Кішісі 5 те, үлкені 15- ке енді толады. Әйелдің айтуынша, күйеуі бірнеше жыл бұрын өрімдей балаларымен тастап кеткен. Басындағы пәтерін баласын емдету үшін сатып жібереді де Өскеменнен Қарағандыға көшіп келеді. Балапаны сауықты. Алайда бірнеше жылда несиеден несие алып ары- бері пәтер жалдап көшіп жүрді. Уақытша оңалту орталықтарын да сауғалапты. Ақыры күнелту қиынға соққан соң балаларының ұстаздарының кеңесімен «Amanat» партиясынан көмек сұрайды. Белсенділер дереу әлеуметтік желі арқылы қайырымды жандар іздей бастаған. Көмекке Бұқар жырау ауданына қарасты Ақбел ауылының тұрғындары келді. Отбасына ауылды көрсетіп ұнатқан соң көшіріп алған.

АБАЙ ЖАПАРОВ, АҚБЕЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Басында тұруға үй таптық бәріміз. Керек заттармен қамтамасыз еттік. Алдағы уақытта бұл кісіні жұмысына орналастырып тағы да басқа үй бар үлкен үй, соған көшіреміз деген ниетіміз бар, үлкендеу үйге көп баласы болғандықтан.


Тұрғындар ақша жинап азық- түлік уақытша баспана берумен тоқтамайтындарын айтады. Ұстаздарға Әсияның балалары да қатты ұнаған, шетінен білімге құштар дейді. Ендігі мақсаттары- Әсияны мектеп асханасына немесе салынып жатқан фельдшерлік – акушерлік пунктке жұмысқа орналастыру. Алайда көп балалы ананың өтелмеген несиелері бар, шоттары бұғатталған. Борышкерге кешірім беруді «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында арнайы комиссия қарап жатыр.

САЙЛАУ МЫРЗАБЕКОВ, АҚБЕЛ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ:

«Amanat» партиясының инстаграм желісі арқылы көріп осы кісіге көмектесейік, қол ұшын берейік деп ауыл азаматтары тарапынан о кісіні уақытша баспанамен қамтамасыз еттік. Қарызы кешіріліп жатса ол кісінің шоттары бұғаттан алынған соң тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге дайынбыз.


Әсияның бар тілегі - қарыздарына кешірім алу. Сонда ғана ол ресми жұмысқа орналасып, өз кәсібін бастай алады. Әйел аспаздық пен шаш қиюды меңгерген. Асханаға аспаз немесе шаштараз бола алады.

ӘСИЯ ҚАБДОЛЛА, КӨПБАЛАЛЫ АНА:

Ақбел ауылының тұрғындарына, әкімшілікке, мұғалімдерге, осында жол сілтеген «Amanat»  партиясының қызметкерлеріне қызметіне адал, халқы үшін қызмет істейтін өте қатты ризамын. Алла разы болсын! Алла қаласа менің балаларым да осы халықтың ұмітін ақтайтын мықты бір азмат болады. Менің ризашылығым сол болады деп ойлаймын.


Әсия жылдар бойы өзі секілді отбасының бар ауыртпалығын арқалап, қалада сандалып жүрген аналарды көп кездестіргенін айтады. Оларға халқы жомарт ауылдарға көшіп қарызсыз тыныш өмір бастауға кеңес береді. Балаларым ауылда білім алып еліне қызмет етсе деп армандайды.