$540.87 €632.01 ₽6.76
×

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау, электр энергетикасы және мемлекеттік мүлікті басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды

AstanaTV
24.06.2025ж. 21:37
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау, электр энергетикасы және мемлекеттік мүлікті басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды

Заң арқылы Жер, Орман, Кәсіпкерлік, Бюджет, Су кодекстеріне, сондай-ақ «Азаматтық қорғау туралы», «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы», «Құқық қорғау қызметі туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы» заңдары мен басқа да нормативтік-құқықтық актілерге өзгеріс енгізіледі. 

Түзетулердің бірінші блогы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін арттыруға бағытталған. 

Орман өрттеріне жедел ден қою мақсатында мемлекеттік органдар мен ұйымдарды өрт сөндіруге тарту тәртібі регламенттелді. Басқару және өзара іс-қимыл алгоритмі айқындалды.

Адамдар жаппай баратын объектілер мен биіктігі 28 метрден асатын ғимараттар пайдалануға қабылданар алдында міндетті түрде азаматтық қорғау органдарының өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі жөнінде қорытынды алуға міндеттеледі. 

Өрт автоматикасы жүйелерін монтаждау, жүргізу және техникалық қызмет көрсету қызметтерін жүзеге асыру үшін енді Төтенше жағдайлар министрлігінің рұқсаты қажет.

Адамдар көп баратын, ауданы 2 мың шаршы метрден асатын объектілердің иелері үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына және мүлкіне зиян келтіргені үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілік жүктейтін сақтандырудың үлгілік шартын жасауға міндеттеледі. 

Заңда өрттің алдын алу және сөндіру жөніндегі іс-шараларға өз еркімен қатысатын адамдарды әлеуметтік қорғау кепілдіктері мен шаралары көзделген. Яғни олардың жұмыс орны мен орташа жалақысы сақталады. Егер еңбек қатынасында болмаса, оларға ең төменгі жалақы мөлшерінде төлем жасалады.

Заң жергілікті атқарушы органдарды дала өртін, мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендердегі өртті жою үшін тартылатын күштер мен құралдарды жанар-жағармаймен және тамақпен қамтамасыз етуді міндеттейді.

Түзетулердің екінші блогы өнеркәсіптік қауіпсіздікті жетілдіруге бағытталған.

Өнеркәсіптік қауіпсіздікке тексерулер жүргізудің ерекше тәртібі мен жедел ықпал ету шаралары қарастырылған.

Тәуекел дәрежесіне қарай бақылау және қадағалау субъектілері (объектілері) тәуекел дәрежесі жоғары және тәуекелдің жоғары дәрежесіне жатпайтын субъектілер (объектілер) болып бөлінеді.

Тәуекел дәрежесі жоғары субъектілер (объектілер) жыл сайын тексеріледі, ал ол санатқа жатпайтын субъектілер кемінде 3 жылда бір рет тексеріледі.

Тексерулер жұмыстан тыс уақытта (түнгі уақытта, демалыс, мереке күндері) жүргізілуі мүмкін.