Аграрлық мәселелер комитетінде «Жайылымдар туралы» заңның іске асырылу барысы және жем-шөп өндірісін дамыту мәселелері туралы кеңейтілген отырыс өтті. Жиынға комитет хатшысы Еркебұлан Мәмбетов жетекшілік етіп, мемлекеттік органдардың өкілдері, облыс әкімдері, фермерлер мен сарапшы мамандар қатысты. Жиынды ашқан Еркебұлан Мәмбетов Ауыл шаруашылығы министрлігінің осы заңды дайындауға қатысты жұмысын сынға алды.
– Негізгі құжат – жайылымдарды басқару жоспары. Бүгінгі жағдай бойынша республиканың 5 облысында оны әзірлеу және бекіту жұмыстары азды-көпті ілгерілеуде, ал 9 облыста әлі басталмаған. Шығыс Қазақстан облысы мен Атырау облыстарында бірде-бір жоспар мүлде бекітілмеген, – деді Е.Мәмбетов.
Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов заң ең алдымен ауыл тұрғындарының жайылымдық жерлерге қолжетімділігін қамтамасыз етуге, осы жерлерді қалпына келтіру мен тиімді басқаруға бағытталған жер ресурстарын ұтымды әрі әділ бөлуге бағытталғанын айтты. Осы ретте 1 миллион 124,6 мың гектар жайылым халықтың малын жаю үшін ортақ пайдалануға бекітілген.
Жиын барысында сала мамандары да тақырыпқа қатысты өзекті мәселелерге тоқталды. Депутаттар мемлекет меншігіне қайтарылған жайылым жерлерді пайдалану мақсаты, орман шаруашылығы жерлеріндегі жайылымды пайдалану, аймақтардағы жайылымды жерлердің тапшылығы туралы деректер мен осы тапшылықты азайту бойынша министрлік жүргізген жұмыстар, «Жер инспекторы» цифрлық бағдарламасының жұмысы және басқа да мәселелерге қатысты нақтылау сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтты.
Жұмыс тобының жетекшісі Нұржан Әшімбетов заңды әзірлеу барысында оған 50 шақты норма енгізілгенін, дегенмен Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан жүйелі жұмыс ұйымдастырылмағанын атап өтті. Осыған орай депутат аталған мәселелер бойынша жұмысты пысықтау қажеттігін, күзде тағы да қарастырылатынын айтты. Жиын барысында айтылған ұсыныстар мен пікірлер ескерілетін болады.