$519.26 €602.13 ₽6.62
×

Мәжілісте қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу мәселесi талқыланды

AstanaTV
24.06.2025ж. 23:47
52
Мәжілісте қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу мәселесi талқыланды

Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің ұйымдастыруымен «Қоршаған ортаны қорғауды экономикалық реттеу тетігі ретінде өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері бөлігінде Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің талаптарын орындау мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Отырысты ашқан комитет төрағасы Еділ Жаңбыршин 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері (ӨКМ) заң жүзінде бекітіліп, «ӨКМ Операторы» ЖШС құрылғанын атап өтті. Бұл серіктестік өндірушілер мен импорттаушыларды өз өнімдері қолданылғаннан кейінгі қалдықтарды жинап, өңдеуге жауапты. Қазір ол функцияны «Жасыл Даму» АҚ атқарып жатыр. Депутат 2022 жылы «ӨКМ Операторы» таратылғаннан кейін, оның орнына келген жүйе толық қалыптасып үлгермегеніне назар аударды.

Жиында сөз сөйлеген Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев қазіргі уақытта өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерін (ӨКМ) жеке жүйе арқылы орындауды реттейтін жаңа бұйрықтар бекітілгенін, бұл бизнес қауымдастықпен кеңінен талқыланып, олардың пікірі ескеріле отырып қабылданғанын айтты. «KazWaste» қалдықтарды басқару жөніндегі Қазақстан қауымдастығы басқарма төрағасы Шынболат Байқұлов өндірушілер мен импорттаушылар үшін міндеттемелерді орындауды жеңілдетудің маңыздылығына тоқталды.

Отырыс барысында Мәжіліс депутаттары біраз мәселе көтерді. Атап айтқанда, қайта өңдеу нормативтері нарықтың нақты жағдайына сәйкес емес және тым жоғары қойылған. Тұрмыстық қалдықтарға арналған мақсаттық индикаторлар әмбебап стандарт ретінде қолданылған. Қалдық нарығы бойынша жеке түрлерге талдау жоқ. Сонымен қатар Қазақстандағы қайта өңдеу қуаттарын бағалау жүргізілмеген. Депутаттарың айтуынша, бұл ӨКМ логикасын бұрмалап, ынталандыруды фискалдық жинақтармен алмастырады.