Әскер – темірдей тәртіп орнаған орта. Бірақ сол әскери бөлім ішінде жүріп те өнердің отын өшірмегендер бар. Солардың бірі – ҚР ІІМ Ұлттық ұланның Шымкент қаласындағы 6698 әскери бөлімінің қызметтік көлік жүргізушісі қатардағы жауынгер Ақәділ Асханұлы.
Ұлттық ұлан қатарына қабылданған Ақәділ әскери жүргізушілер даярлау курсынан өткен. Бүгінде 4 жеке атқыштар ротасында командалық-штабтың көлік жүргізушісі болып қызмет атқарады.
Ол баян, домбыра, фортепиано аспаптарын меңгерген. Бос уақытында қолына баянын алып, қаруластарына рух сыйлап, көңіл-күйлерін көтереді.
– «Анам да, әкем де әуенге жақын жандар. Сондықтан өнер – қанымда бар. Баянымды тастамай, әскерге де алып келдім. Бұл – менің көңіл сергітіп, жан жадыратар сүйікті аспабым. Ұлттық ұланның әскери бөлімінде өтетін іс-шараларда баянмен ән айтып тұратын кездерім болады», – дейді қатардағы Ақәділ Асханұлы.
Айта кетейік, 6698 әскери бөлімінің жауынгерлері Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты түзеу мекемелерін күзету, сотталғандардың тәртібін қадағалау, сондай-ақ сотталған азаматтарды айдауылдау бағытында маңызды жауынгерлік қызмет атқарады.