Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов бүгінгі жалпы отырыста күзде жасанды интеллект туралы парламенттік тыңдау өткізуді ұсынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Мәжілістің кезекті отырысында депутат, "AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева жасанды интеллектіге қатысты Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдады. Ерлан Қошанов осы мәселеге қатысты пікір білдіріп, депутаттың ұсынысын қолдайтынын айтты. Соған сәйкес Мәжіліс Төрағасы күзде парламенттік тыңдау өткізуді ұсынды.
«Бұл – өте өзекті мәселе. Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні дамыту ісін өз бақылауында ұстап отырғаны баршаңызға мәлім. Бұл бағытта Үкімет пен тиісті министрлік ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр. Мәжіліс депутаттары да бұл салада нақты қадам жасап, Жасанды интеллект туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдадық», – деп атап өтті Ерлан Қошанов.
Осы ретте Мәжіліс Төрағасы қыркүйек айында аталған заң жобасын екінші оқылымда қарауды жоспарлап отырғандарын жеткізді.
– Аталған заңның дер кезінде қабылдануы және оны тиімді іске асыру аса маңызды. Осыған орай, сіздің ұсынысыңызды қолдай отырып, осы мәселе бойынша Үкіметпен бірлесіп, күзде Парламенттік тыңдау өткізуді ұсынамын. Тыңдауды қыркүйектің екінші жартысында ұйымдастыруға болады. Халықаралық сарапшылар отандық мамандардың басын қосып, парламенттік тыңдау өткізу қажет. Салалық комитет тыңдауға дайындық жұмыстарын бастауы керек, – деді Ерлан Қошанов.