35 жастағы Венера Тлеукенова – Орал қаласының тұрғыны, мамандығы – адвокат. Бала кезінен бастап шашын өсіріп келе жатқан ол бүгінде ұзындығы 160 сантиметрге жеткенін айтты, деп хабарлады turkystan.kz сайты «Мой город» басылымына сілтеме жасап.
Венера үшін бұл – ең идеал ұзындық. Ол тек ұштарын ғана аздап қидырумен шектеледі, ал негізгі ұзындығын сақтап келеді.
2007 жылы Алматыда өткен «Қолаң шаш» байқауына қатысып, арнайы дипломға ие болған.
«Кейбір адамдар мені «Гиннестің рекордтар кітабына енгісі келеді» деп ойлайды, бірақ шын мәнінде, мен тек ұзын шашты жақсы көремін. Анамның да шашы қашанда ұзын болатын. Көпшілік бұл тұқым қуалаушылық деп есептейді, бірақ меніңше, күтім де маңызды. Мысалы, шашқа күтім жасау – тіс тазалау сияқты, бұл – қарапайым гигиена», – дейді Венера Тлеукенова.
Күнделікті өмірде Венера шашын түйіп, жинап жүреді, сондықтан айналасындағы адамдар оның қандай ұзын шашы бар екенін бірден байқамайды. Бірақ шашын өріп шыққан кезде – көптің назарытүседі-мыс . Әдетте ол шашын мерекелік шараларда, ресми жиындарда ғана өріп шығады.
«Көшеде жиі тоқтатып, суретке түсуді сұрайды. Бірде 9 мамырда бір топ жасөспірім тоқтатып, фотоға түсейік деді. Мен келістім, сол кезде олар аталарын алып келді. Сөйтсем, фотоға түскісі келген сол кісі екен. Әлгі атаның көзіне жас келіп: «Ұзын шашты қыздарды көріп қуанып қалам, біз бекер соғысқан жоқпыз ғой» деді. Маған сондай әсер етті. Бірақ күлкілі оқиғалар да болады. Бірде шашымды жуып, кептіріп жатқанда оны сілкіп кептірмек болғанымда, байқамай шашымды люстраға іліп алыппын. Жалғыз болғандықтан, өз бетімше босай алмадым, қарындасымды күтуге тура келді. Тағы бірде шашым есіктің тұтқасына оратылып қалды», – деп күледі Венера.
Оның айтуынша, шашын әр екі күн сайын жуып тұрады. Бұл – оған әбден үйреншікті нәрсе, ешкімнің көмегіне жүгінбейді. Бүкіл күтімге шамамен 25–30 минут уақыт кетеді, ал кептіруге жарты күнге жуық уақыт қажет. Венера фен қолданбайды.
Шаш күтіміне ерекше мән беретін Венера бұрын Германиядан арнайы тапсырыспен косметика алдыртатын болса, қазір Алматыдағы зауыт оның арнайы тапсырысы бойынша шампунь, маска, кондиционер мен май жасап шығарады. Құрамы – Венераның өзі таңдап жасаған.
«Алдымен шаш майын жағамын, ол сіңуі керек. Сосын сусабынмен жуып, маска жағамын. Арнайы сарысу мен бальзам да бар. Бір тюбик сусабын маған 2-3 ретке ғана жетеді. Айтпақшы, мен қолданатын шампуньді достарым мен туыстарым да пайдаланады. Бұрын шашым көп түсетін, содан бастап өзіме күтім жасап, ерекше мән бере бастадым. Қазір бәрі жақсы», – дейді ол.
Шашын сатып алғысы келетіндер өте көп. Венераның айтуынша, оған шаш жалғайтын сұлулық салондарынан жиі ұсыныстар түседі. Алайда ол шашымен қоштасуға әзір емес.
Венера бала үшін ең алғашқы сұлулық үлгісі – анасы деп есептейді. Анасы Орынша Инирбаева да ұзын әрі қалың шаш иесі. Алайда ол қызын шаш өсіруге мәжбүрлемеген.