$518.5 €601.62 ₽6.61
×

Үндістан 41 жылдан кейін ғарышқа өз азаматын жіберді

AstanaTV
25.06.2025ж. 16:49
65
Үндістан 41 жылдан кейін ғарышқа өз азаматын жіберді

Үндістандық әскери ұшқыш Шубханшу Шукла Axiom-4 (Ax-4) миссиясы аясында ғарышқа аттанып, NASA-ның Халықаралық ғарыш станциясына (ХҒС) барған алғашқы үнді азаматы атанды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Шукланың сапары NASA, Үндістанның ISRO және Еуропалық ғарыш агенттігінің (ESA) бірлескен жобасы нәтижесінде жүзеге асты. Жер орбитасына ұшырылған Ax-4 миссиясын жекеменшік Axiom Space компаниясы ұйымдастырды. Капсула SpaceX Crew Dragon, зымыран Falcon 9 арқылы 19 маусымда Флоридадан ұшырылды.

Экипажда Шукладан бөлек, Польша мен Венгриядан келген астронавтар бар. Бұл елдер де 40 жылдан соң ғарышқа өз өкілдерін қайта жіберіп отыр. ISRO агенттігі Шукланың ғарышқа ұшуын қамтамасыз ету үшін шамамен 59 млн АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлді.

1985 жылы Лакхнау қаласында дүниеге келген. 2006 жылы Үндістанның Әуе күштеріне қызметке кіріп, МиГ, Су, Хоук сынды ұшақтарды басқарған. 2000 сағаттан астам әуе тәжірибесі бар.

Мен тек құрал-жабдық емес, миллиардтаған үнді халқының арманы мен үмітін алып бара жатырмын, - деді ол.

Шукла мен экипаж мүшелері Халықаралық ғарыш станциясында екі апта бойы 60-қа жуық ғылыми эксперимент жүргізеді. Оның жетеуі Үндістан тарапынан ұсынылған. Атап айтқанда:

алты түрлі ауылшаруашылық дақылдарының тұқымдарына ғарыш әсерін зерттеу;

микроводоросльдердің үш штаммын өсіру;

тихоходкалардың (экстремалды жағдайда өмір сүре алатын микроағзалар) ғарыштағы өмір сүру қабілетін тексеру;

бұлшықет массасының азаюы мен оның алдын алу жолдарын зерттеу;

микрогравитацияда компьютермен ұзақ жұмыс істеудің адам ағзасына әсерін талдау.

ISRO бұл миссияны 2027 жылы өтетін Үндістанның алғашқы ұлттық ғарышкерлік сапарына дайындықтың маңызды бөлігі ретінде қарастырады. Сонымен қатар, Үндістан 2035 жылға дейін өз ғарыш станциясын құруды, 2040 жылы Айға адам жіберуді мақсат етіп отыр.