Биыл 20 маусымға дейін қалада АПВ-ға қарсы бірінші дозамен барлығы 10 293 қыз вакцинацияланған. Оның ішінде 4429 қыз 11 жаста, 5864 қыз 12-13 жаста. Ал АПВ-ға қарсы екінші дозамен барлығы 4171 қыз вакцинацияланды. Бұл туралы Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Қасымхан Алпысбайұлы айтты.
- Вакцинацияланған қыздар арасында процедурадан кейін қолайсыз жағдайлар тіркелмеген. Вакцинациялауға рұқсаты бар медицина қызметкерлері қыздарды қарап, тексеруден өткізіп, вакцинациялауды жүргізуге ата-анасынан келісім алғаннан кейін жүргізеді, - деді ол.
АПВ-ға қарсы вакцинация Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында сертификатталған. Елімізде 2 дозадан тұратын, Қазақстан Республикасында тіркелген АҚШ-тың 4 валентті «Гардасил» вакцинасын қолданады.
- Елімізде жыл сайын 1900-ге жуық әйелден жатыр мойны обыры анықталады, оның ішінде 600 әйелде қолайсыз нәтиже көрсетіледі. Статистикаға сәйкес, күн сайын 2 әйел жатыр мойны обырынан қайтыс болады. Сондықтан АПВ-ға қарсы вакцинация баланың өміріндегі маңызды қадам, - деді Алматының бас санитариялық дәрігері.