Трамп өзін сынағандарға жауап берді. Тіпті, кейбір америкалық телеканалдарды боқтағанда аузынан ақ ит кіріп, көк ит шықты. Себебі, кейбір сарапшылар Иранға жаслаған шабуылдан ядролық бағдарламаға зиян келтіре алмады, - деп сынға алған. Зеленский болса, НАТО елдеріне қауіп төніп тұр дейді. Егер, Украина болмағанда, баяғыда-ақ, Еуропада Ресей әскері үстемдік құрар еді, - дейді Украина Президенті. Путин онымен келіспейді. Ресей Президентінің айтуынша, Солтүстік-Атлантикалық әскери альянс арандатудан басқа ештеңе білмейді. Ал, АҚШ-та Иран шахының мұрагері бас көтерді. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Трамп америкалық сарапшылар мен телеарналарды боқтады. Себебі, көпшілігі Иранның ядролық бағдарламасына зиян келмеді, - деген ақпар берген. Олардың айтуынша, Иран өзінің байытылған уран қорларын көшіріп үлгерген. Алайда, Трамп, 3 нысанды толықтай жойып жібердік, ядролық қару жасайтын мүмкіндік жоқ, - дейді.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
CNN мен SNBC деген нағыз жексұрындар. Айтарға басқа сөзім жоқ. Олар халыққа жалған ақпарат таратып жатыр. Біз Иранның ядролық бағдарламасын толықтай жойып жіберіп, Таяу Шығыс пен бүкіл Әлемге бейбітшілік сыйладық. Олардың істеп отырғаны мынау. Іштен шыққан жау жаман.
Бізді НАТО-ға қабылдаудан басқа амалдарың жоқ. Шығыс Еуропаны қорғап отырған біз. Нидерландтағы альянс саммитіне барған Владимир Зеленский осылай деді. Украина Президентінің айтуынша, егер Ресейге тойтарыс бермегенде, Еуропа шыдас бере алмас еді.
ВЛАДИМИР ЗЕЛЕНСКИЙ, УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТІ:
Ресей барлық бейбіт келіссөздерден шығып кетті. Ол Еуропаны басып алғысы келеді. Оны тоқтатып тұрған біз ғана. Украина болмағанда бірқатар елдер төтеп бере алмайтын еді. Қазір де НАТО-ға қауіп төніп тұр. Мұны барлығы біледі. Сондықтан, Кәрі құрлық та дайындалу керек. Қорғанысқа Жалпы Ішкі Өнімнің 5 пайызын бөлу – өте жақсы бастама.
Путин Зеленскиймен келіспейді. Оның айтуынша, барлық соғыстарды НАТО бастап отыр немесе одақтың арандатуымен басталған. Украина да осы әрекеттің құрбаны болды, - дейді Ресей Президенті.
ВЛАДИМИР ПУТИН, РЕСЕЙ ПРЕЗИДЕНТІ:
Осы бүгін басталған НАТО саммиті қайтадан өткен ғасырға уақытты кері шегерді. Бүкіл әлемді «Қырғи-қабақ соғыс» пен «Қару-жарақ жарысына» итермелеп жатыр. Біз бұған бей-жай қарап отыра алмаймыз. Себебі, одақ тікелей бізге қауіп төндіруде.
Америкада Иран шахы бас көтерді. Әкесінің атын алған реза Пехлеви қазіргі режимнің көзін жою керек деп санайды. Шыққан тегі ирандық америкалық азаматтар да бұны құптайды. Олар Лос-Анджелесте митинг ұйымдастырып, Аятолла режимін жоюды талап етуде.
РЕЗА ПЕХЛЕВИ, РЕЗА ШАХ ПЕХЛЕВИДІҢ ҰЛЫ:
Бұл режим соғыста жеңіліске ұшырады. Қазір өте әлсіз. Оларды қазір тоқтатпасақ кеш қалуымыз мүмкін. Бұндай мүмкіндіктер бола бермейді. Иран үшін жаңа кезеңді бастауымыз керек. Бүкіл әлем де бұған атсалысса нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, Аятолла режимі бүкіл әлемді ядролық қарумен қорқытып отыр.
Айта кетейік, 1979-ы жылы тақтан тайдырылған Реза Шах Пехлевидің өзі және барлық отбасы АҚШ аумағында пана тапқан.