$520.39 €609.58 ₽6.63
×

Мемлекет басшысы XI «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысты

25.06.2025ж. 20:00
89
Мемлекет басшысы XI «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысты

Биыл Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан елдерінің әскери-патриоттық қозғалыстарына мүше 800-ге жуық жастың басын қосқан іс-шара Ақтөбе облысында ұйымдастырылды. Оған Мемлекет басшысы арнайы барып қатысты. Ауқымды іс-шара Жеңістің 80 жылдығы мен Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына орай өткізілді. 

Биыл қазақтың қайсар қызы Әлия Молдағұлованың туғанына – 100 жыл. Осыған орай Мемлекет басшысы Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың мемориалдық ескерткіш кешеніне гүл шоғын қойып, оның рухына бір минут үнсіздікпен тағзым етті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бүгін 100 жылдығына орай арнайы келдім. Бұл, ең алдымен, азаматтық борышым. Тағзым ету үшін келіп отырмын. Баршаңызға көп рақмет. Әлияның есімін халқымыздың арасында, шетелде кең ауқымда дәріптеуіміз керек. Ол – біздің мақтанышымыз. Сондықтан оның есімі біздің жадымызда мәңгі сақталады.


Бұдан соң, Президент XI «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысты. Биыл слетке Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан елдерінен 800-ге жуық жас келген. Қасым-Жомарт Тоқаев барша қатысушыларды «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынының ашылуымен құттықтап, бұл жас өрендеріміздің рухын шыңдайтын өте маңызды іс-шара екеніне назар аударды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Құрметті жас сарбаздар! Бүгін "Айбын"әскери-патриоттық жастар жиыны басталады.Баршаңызға құтты болсын! Биыл «Айбын» жиыны қазақтың қайсар қызы, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына арналып отыр.  


Мемлекет басшысы әскер қатарында болу абыройлы міндет екенін атап өтіп, еліміз өскелең ұрпақтың әскери-патриоттық тәрбиесіне баса мән беретінін жеткізді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл жас өрендеріміздің рухын шыңдайтын өте маңызды іс-шара. Халқымызда ерлік елдің қасиеті деген сөз бар. Осы дүбірлі додаға Қзақастанның ең мықты жас сарбаздары жиналды. 


Жиын аясында балалар мен жасөспірімдер «Айбын дарыны» интелектуалдық ойынына, «Smart Sarbaz» технологиялық конкурсына және «Айбын» жұлдызы шығармашылық сайысына қатысады. Бұдан бөлек, пневматикалық мылтықтан ату, Калашников автоматын шашып, қайта жинаудан жарысады. Сондай-ақ бағдарламада спорттық сайыстар, «Күшіміз бірлікте» әскери-тактикалық ойыны бар. Кешқұрым жастар алау басында патриоттық әндер орындайды. Одан кейін Президент «Smart sarbaz» жас робот техниктері үйірмесінің жұмысымен танысты.