Осы жылы Катардың Доха қаласында үстел теннисінен әлем чемпионаты өтті. Жарысқа 69 елден 355 спортшы қатысты. Қазақстан атынан 10 спортшы бақ сынап, үздік нәтижені Кирилл Герасименко көрсетті. Ол 1/16 финалға дейін жетіп, әлемдік деңгейде жоғары ойын үлгісімен көзге түсті. Қазақстан 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізуге өз кандидатурасын ұсынып, ITTF Бас Ассамблеясында 111 дауыс жинады. Осылайша, еліміз алғаш рет үстел теннисінен әлем чемпионатын қабылдамақ.
ДАНИЛЬ ПАК, ҚР ҮСТЕЛ ТЕННИСІ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ БАС ХАТШЫСЫ:
Біріншіден, Қазақстан әлемдік деңгейдегі ірі чемпионаттарды ұйымдастыруда үлкен тәжірибеге ие. Сондықтан 2027 жылы өтетін үстел теннисінен әлем чемпионатын өткізуге ешқандай кедергі жоқ деп санаймын. Бұл жолы Қазақстанмен қатар Қытай, Франция және АҚШ та үміткер болды. Алайда екі турдың қорытындысы бойынша Қазақстан үнемі көш басында болып, 55 пайыз дауыс жинап, келесі чемпионатты елімізде өткізу құқығына ие болды.