Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында үшінші рет донорлық жүректі пациентке трансплантациялау отасы жасалды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
5 сағатқа созылған күрделі отаны кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаев UMC "Жүрек орталығы" №2 кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Светлана Новиковамен, сондай-ақ институттың анестезиологтары мен кардиохирургтары бірлесіп жасаған.
Жүрек Алматы облысы Талғар қаласының тұрғыны 43 жастағы ер адамға трансплантацияланған. Оған Алматы қаласының Орталық қалалық ауруханасына түскен 40 жастағы ер адам донор болған, дәрігерлер пациенттің ми өлімін растаған.
Жүрек трансплантациясы жасалаған ер адам ишемиялық кардиомиопатияға, жүре пайда болған жүрек ақауына, митральды қақпақша қызметінің жеткіліксіздігіне, 26 пайыз шығарылу фракциясы төмендеген созылмалы жүрек қызметінің жеткіліксіздігіне, 2022 жылы инфарктқа шалдыққан.
Науқаста аздаған дене қимылы кезінде ентігу, жүректің дұрыс жұмыс істемеуі, жалпы әлсіздік, бас айналу шағымдары болған.
Трансплантациядан бұрын оған бірнеше рет стент қойылған, кардиовертер-дефибриллятор имплантацияланған. Биыл қаңтарда UMC мамандары LVAD имплантациялауды ұсынған, бірақ науқас бас тартқан.
Осы жылдың басында ер адам Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында емделген кезде клиника мамандары жүрек трансплантациясын күту тізіміне енгізу қажеттілігін түсіндіріп, пациент күту кезегіне тұрған.
Ота сәтті өтіп, пациент реанимациядан бөлімшеге ауыстырылған. Қазіргі уақытта жағдайы тұрақты, оң динамика бар дейді дәрігерлер.