eGov.kz порталында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына құжаттарды қабылдау науқаны басталды. Биыл бұл қызмет айтарлықтай жаңартылып, талапкерлер үшін әлдеқайда ыңғайлы бола түсті. Өтініш беру жүйесіне жаңа функциялар қосылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Енді өтініш беру кезінде талапкер жатақхана немесе тегін тамақтану қажеттілігін бірден көрсете алады. Әскери қызметті шақыру бойынша толық өтеген азаматтар растайтын құжатын да тіркей алады.
Маңызды өзгерістің бірі – оқу орнын таңдау кезінде сүзгілеу механизмінің енгізілуі. Жүйе талапкер таңдаған параметрлерге сәйкес колледждердің тізімін автоматты түрде шығарып береді: оқу аймағы, оқыту тілі, бағыт және мамандық бойынша. Оқыту тілі көрсетілгеннен кейін жүйеде тек сол тілде оқыту қарастырылған оқу орындары көрсетіледі. Сондай-ақ, "Серпін" бағдарламасына қатысатын өңірлердегі ауыл мектептерінің түлектері үшін жеке сүзгі іске асырылған.
Әр талапкер өтінішті бір рет бере алады, бұл ретте төрт түрлі колледжге дейін және төрт мамандық таңдау мүмкіндігі бар. Құжаттардың жалпы көлемі 5 мегабайттан аспауға тиіс.
Өтініш беру үшін не істеу керек?
eGov.kz порталында тіркелу қажет;
"Білім" бөлімінен "Колледждер" санатын таңдау керек;
"Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына құжаттар қабылдау" қызметін таңдау қажет;
барлық қажет ақпаратты толтырып, құжаттарды жүктеу керек;
қызметті қолжетімді әдістердің бірімен растау қажет;
қызмет нәтижесі пайдаланушының жеке кабинетінде "Қызметтерді алу тарихы" бөлімінде қолжетімді болады.
Қызмет көрсету мерзімі 3-5 жұмыс күніне дейін. Құжаттарды қабылдау кезең-кезеңімен жүргізіледі және оқу түрі мен білім беру бағдарламасына байланысты болмақ.