$518.34 €607.18 ₽6.62
×

Мәжілісте «Парламент сөзі» сыйлығының иегерлері марапатталды

AstanaTV
26.06.2025ж. 18:56
63
Мәжілісте «Парламент сөзі» сыйлығының иегерлері марапатталды
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов журналистерге арналған «Парламент сөзі» сыйлығының иегерлеріне марапаттар табыстады, деп хабарлайды Astana TV.

БАҚ қызметкерлері арасындағы жеңімпаздар жеті номинация бойынша анықталды.



Салтанатты жиынды ашқан Ерлан Қошанов «Парламент сөзі» сыйлығының иегерлері мен БАҚ өкілдерін келе жатқан кәсіби мерекесімен құттықтады.

– Қазір қоғамды журналиссіз елестету мүмкін емес. Халық сіздердің жазған мақалаларыңыз, сюжеттеріңізден еліміздегі және әлемдегі оқиғалардан хабардар болып отырады. Әсіресе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының саяси-экономикалық реформалары мен ауқымды бастамаларын халыққа дұрыс түсіндіруге мол үлес қосып келесіздер. Соның ішінде Парламентте қабылданып жатқан заңдар сіздер арқылы насихатталып жатыр. Заңды қабылдау бір бөлек, оны халыққа дұрыс жеткізу – ол да негізгі миссияның бірі, – деді Мәжіліс төрағасы.

Палата спикері бүгінде Мәжілісте 700-ден астам БАҚ өкілі аккредиттелгенін атап өтті. Бұл тізім уақыт өткен сайын ұлғайып келеді. Журналистердің жайлы жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Депутаттар бұқаралық ақпарат құралдарымен түрлі форматта белсенді жұмыс атқаруда.

– Еліміздің одан әрі дамуын мықты бұқаралық ақпарат құралдарынсыз елестету қиын. Сондықтан бүгінде БАҚ-тың жан-жақты дамуына қажетті жағдайдың барлығы жасалуда. Сіздермен бірге біз жаңа салалық заң қабылдадық. Ол журналистердің құқықтарын қорғауды күшейтті. Блогерлер мен басқа да ақпарат көздері бүгінде БАҚ-пен бәсекелесуге тырысып жатыр. Бірақ мемлекет байыпты журналистикаға сұранысты жүйелі түрде қалыптастырып отыр, – деді Е.Қошанов. 


Мәжіліс төрағасы «Парламент сөзі» сыйлығының тоғызыншы жыл өткізіліп келе жатқанын айтты. Осы уақыт ішінде 140-қа жуық адам марапатталған. Биыл байқауға қатысуға 100-ден астам өтінім келіп түскен. Таңдау оңай болған жоқ. Нәтижесінде марапаттар былай бөлінді:

– «Үздік баспа жарияланымы үшін» – Зейін Ерғалиева («Егемен Қазақстан» газеті), Владислав Шпаков («Время» газеті);

– «Үздік телевизиялық сюжет үшін» – Асылбек Тойбеков («Жібек жолы» телеарнасы), Мейрамгүл Мәдәлі («Atameken Business» телеарнасы), Әлібек Рзабаев (Еуразия бірінші арнасы, «Парламент Online» бағдарламасы);

– «Үздік бейне-сурет материалы үшін» – Алмас Жулубаев («Астана» телеарнасы);

– «Үздік интернет және радио материалы үшін» – Әйгерім Бақпаева («Baigenews.kz» интернет порталы), Азамат Тлепов (Қазақ радиосы), Әйгерім Тукушева («Kursiv.kz» сайты), Тамара Вааль ( «Vlast.kz» сайты);

– «Арнайы репортаж» – Ирина Әлімжанова (Qazaqstan ұлттық арнасы, «Қос палата» бағдарламасы), Алина Шашкина («Tengrinews.kz» интернет порталы), Дәурен Омаров («Адал адам» youtube арнасы); 

– «Парламенттік журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін» – Еркін Жұматаев («Хабар» агенттігі), Александр Трухачев («КТК» телеарнасы); 

– «Парламент сөзі» Арнайы номинациясы – «Азаттық рухы» сайтының және «24KZ» телеарнасының ұжымдары.