Сенат 89 заңның 14-ін Мәжіліске кері қайтарған. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев палатаның сессия отырысын қорытындылау барысында айтты. Қаралған заңдардың қатарында 3 кодекс және 7 дербес заң бар. Палатаның үшінші сессиядағы қорытынды отырысы туралы тілшіміз Бекболат Сатуов тарқатады.
Сенатор Айнұр Арғынбекова денсаулық сақтау саласына жасанды интеллект енгізуді ұсынды. Ол цифрландыру саласындағы жетістіктер көп болғанымен, медицина жүйесіне жасанды интеллектті енгізу әліде ақсап тұрғанын айтты. Оның үстіне бұл бағытта қаржының да жоқтығы қолбайлау болып отыр деді.
АЙНҰР АРҒЫНБЕКОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Бүгінде жасанды интеллект – жай ғана инновация емес, қажеттілік. Ол диагнозды жылдам қоюға, дәрігерлерге түсетін жүктемені азайтуға және, әсіресе, кадр тапшылығы бар өңірлерде көмекке қолжетімділікті арттыруға сеп болады.
Сенатордың айтуынша, Қазақстанда инсульттен бастап онкологиялық ауруларға дейін диагноз қоюға арналған перспективалы жасанды интеллект жобалар әзірленгенімен, олар Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі жүйелеріне енгізілмеген. Сонымен қатар өңірлердегі цифрлық инфрақұрылымның даму деңгейі біркелкі емес, медициналық кадрларды цифрлық құзыреттерге үйрету стандарттары жоқ. Депутаттар жасанды инттелектіні енгізу керек деп шыр-пыр болып жатқанда, кейбір елдімекендер интернетке зар болып отырғаны тағы бар. Бұл туралы сенатор Сәкен Арубаев өзінің депутаттық сауалында көтерді. Ол мыңдаған ауылдарда интернеттің жоқтығы, білім беру мен денсаулық сақтау салаларының цифрландырудан артта қалуына, сондай-ақ фермерлердің заманауи технологияға жете алмай отырғанына себеп деді.
СӘКЕН АРУБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Бүгінде 6 256 ауылдың 2 045-сі ғана 4G-мен қамтылып, ол 33 %-ды құраса, 3G байланысы 45 пайызға тартылған. Ежелгі 2G де есепке алынуда. Ал, 1049 ауылда тұрақты интернет байланысы мүлдем жоқ. Талшықты-оптикалық байланыс желілері 3610 ауылға, яғни 58,4 пайыз елді мекенге әлі күнге дейін тартылмаған.
Сенатор Айгүл Қапбарова болса агроэкспорт пен ішкі нарықты реттеуге көзқарасты түбегейлі қайта қарау туралы бастама көтерді. Ол өзінің депутаттық сауалында қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер тап болып жүрген, әсіресе шағын және орта шаруашылықтардың алдында тұрған жүйелі кедергілерге назар аударды. Ауылшаруашылығы өнімдерінің жыл сайынғы экспорты өсіп келе жатса да, жеткізу ісінің құрамында шикізат жіберу әлі де басым бағыт болып табылады. Бұл ретте импортқа тәуелді болу деңгейі жоғары болып қалып отыр, бұл отандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігіне теріс әсер етеді.
АЙГҮЛ ҚАПБАРОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Мемлекеттік қолдау ірі агрохолдингтерге тиесілі болғанымен, олардың көбі ішкі нарық пен шикізатқа бағытталған. Шағын және орта өндірушілер экспортқа шыға алмай, шетте қалады. 2025 жылы Сарыағаш станциясында 43 вагон картоп он күн тұрып қалып, өнім жарамсыз болып, миллиондаған шығын келді.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев палатаның 8 шақырылым үшінші сессиясындағы жұмысын қорытындылады. Ол сенат жұмысы белсенді жүріп келе жатқанын айтты.
МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Сенаттың халықаралық қызметі де 130-ға тарта мазмұнды шаралармен ерекшеленді. Сондай-ақ, әріптестеріміз 170-ке жуық депутаттық сауал жолдап, Үкіметке өзекті мәселелерді шешу жолдарын ұсынды. Осылайша, Президентіміздің реформаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге арналған қызметіміз нәтижелі болды деп айта аламыз.
Сенат осы аралықта 89 заңды қарады. Олардың 75-ін мақұлдап, 14-ін Мәжіліске қайтарған. Қаралған заңдардың қатарында 3 кодекс және 7 дербес заң бар.