Алматыдағы Сайран көлінде бір күнде екі адам суға батып, қайтыс болды. Қайғылы оқиға қала тұрғындары көп жиналатын, бірақ ресми түрде шомылуға тыйым салынған аймақта орын алған. Екі жағдай бойынша да полиция тергеу жүргізіп жатыр. Қайтыс болғандардың нақты өлім себебі сот-медициналық сараптамадан кейін белгілі болады.
ЖОМАРТ ТҮЗЕЛБАЙ, ТІЛШІ:
Мен тұрған Сайран көліне бір күнде екі бірдей адам батып кетті. Сағат кешкі 5-тер шамасында 17 жастағы жасөспірімнің мәйіті табылса, арадан 2 сағат өткеннен кейін 47 жастағы ер адамның мүрдесі судан шығарылған. Куәгерлердің айтуынша марқұм мас күйінде көлдің тыйым салынған жерінде шомылып жүріп батып кеткен. Қазір мұнда көріп тұрғандарыңыздай барлық жерлерге қоршаулар қойылған. Ал төтенше жағдайлар департаменті бұл көлде толықтай құрылыс аяқталып, қолданысқа берілмейінше суға түсуге қатаң тыйым салынатынын ескертті.
Куәгерлер мен жергілікті тұрғындар мұндай қайғылы жағдайлар қайталана бермеуі үшін нақты шаралар қабылдануы қажет екенін айтады. Көпшіліктің пікірінше, Сайран көлі аумағында құрылыс тезірек аяқталғанында, адамдар заң бұзып суға түспес еді дейді
БЛИЦ:
- Былай жағалап кеткенбіз. Кейін адамдар біз келсек мын жер топталысып кетіпті. Кейір полициялар келді да қайтыңдар қайтыңдар не болды десек бір бала шөгіп кетіпті деді. Содан біз қорқып мына балаларды жетектеп кетіп қалдық үйімізге. Көп көп бала шаға деген осы жерде көп шомылып жатқан.
- Енді заңға бағынбаған адамдардың кінәсі. Заңға бағыну керек. Жаңағы ескертулерді тыңдау керек қой. Заңға бағынса бұндай болмас еді. Жастардың барлығы шомылғысы келеді. Ертерек қозғалып бітіріп, пайдалануға берсе деп сұраймыз енді.
Ал демалыс орнына жауапты мамандардың айтуынша, бұл нысан әзірге толыққанды демалыс аймағы ретінде пайдалануға жарамсыз. Сол себепті тұрғындардың өздері ережелерді ескермеді деп отыр. Құрылыс аяқталғанға дейін мұнда кез келген мақсатта суға түсу — заң бұзушылық болып есептелетінін ескертті.
АБЫЛАЙ ЖҰМАҒАЗЫ, ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢІСТЕРДІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Тек қана әкімшілікті үйтіп айта беруге болмайды. Бізде бұған дейін бұл жерде қоршаулар тұрды. Бірақ адамдар бәрібір де қоршаулардан өтіп, бүкіл жақтан адамдар оларды кесіп, вандализм әрекеттері болды. Сол үшін енді адамдардың потогы азайған жоқ. Қазіргі заңнама бойынша да егер де объект қолданысқа берілмесе бұл жерде жүруге, бұл жерде шомылуға ешқандай рұқсат жоқ.
Екі адамның өмірін қиған қайғылы жағдай қауіпсіздік талаптарының сақталмауының салдарын көрсетті. Мамандар тұрғындарды жауапкершілікке шақырып, тек арнайы рұқсат етілген жағажайларды ғана пайдалануға кеңес береді. Себебі кез келген салғырттық — адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.