Иран ақыры Трамптың ырқына көнді. Келесі апта АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер қайта жанданады. Бұл туралы Нидерландтағы НАТО саммитіне барған АҚШ Президенті мәлімдеді. Одан бөлек, Трамп таққа отырғалы алғаш рет: «Украинадағы соғысты неге тоқтата алмадың», - деген тікелей сұраққа жауап берді. Оның үстіне, Украинаға «Пэтриот» Әуе Қорғанысы Кешендерін беремін, - деп уәде етті. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Трамп ақыры Иранды көндірді. Ядролық бағдарлама және Израильмен қақтығысты тоқтатуі үшін келіссөздер келесі аптада жанданады. Бұл туралы ресми түрде АҚШ Президентінің өзі мәлім етті. Оның айтуынша, Иран жеңілді және басқа амалдары қалмады.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Иран бұл соғыстан әбден қажыды. Енді өздерінің ядролық бағдарламасы туралы мүлдем ұмытатын шығар. Олар, әлбетте, күресті. Бірақ, жеңілді. Біздің шарттарымызға көнуден басқа амалдары жоқ. Бұл, бірінші кезекті, Иранның өзі үшін тиімді. Енді олар, халықаралық нарыққа да шыға алады.
Трамп өзі тақта отырған 5 айда алғаш рет тікелей сұраққа жауап берді. Нидерландтағы НАТО саммитінде журналистер: «Уәдеңде неге тұрмадың, Украинадағы соғысты неге тоқтата алмадың», - дегенде АҚШ Президенті жалтармақ болды. Алайда, Украинаға Әуе Қорғанысы Кешендерін жіберемін, - деп көпшілікті бір қуантты.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз Руандамен Конгоны келістірдік. Екі ядролық держава – Үндістан мен Пәкістан арасындағы алапат соғыстың алдын алдық. Енді Иран мен Израиль татуласады. Әлбетте, Путин бұл соғысты тоқтатуы керек. Оның үстіне, Украинаға бұл үшін көмек керек болса, мен міндетті түрде «Пэтриоттарды» беремін. Себебі, Украинаға ауадай қажет болып тұрғаны рас.
Трамптың тағы бір талабы қабылданды. НАТО елдері ортақ қорғанысқа және өздерінің Қарулы Күштеріне өздерінің Жалпы Ішкі Өнімінің 5 пайызын бөледі. Айта кетейік, АҚШ Президенті өзінің алғашқы Президенттік мерзімінде осы мәселені көп көтерген еді. Тіпті, жанжалдасып, Ресей шабуылдаса, өздерің қорғаныңдар, - деп те қорқытты.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бүгін – НАТО үшін тарихи күн. Еуропа өзінің қорғаныс қуатын әлдеқайда арттыруға бел байлады. Біз көмектеспейміз деген сөз емес. Әрқашан одақтастарымызбен бірге боламыз. Дейтұрғанымен, әр ел қолынан келе тұра ақшаны қалтасына басып қалғаны дұрыс емес. Олар 20 жылда бұл мәселені қолға алмақ болды. Бірақ, бүгін бірауыздан шешім қабылдадық.
Иранмен қақтығысы аяқталмай жатқан Израиль Газа секторын да ұмытар емес. Бірақ, аумақтың Оңтүстігіндегі Хан-Юнис қаласында 7 израильдік сарбаз тұтқиылдан шабуылға тап болып, қаза тапты.