Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Астанада колледж студенттерін марапаттау рәсімі өтті. Үздік оқыған, кәсіби байқаулар мен ғылыми-әлеуметтік жобаларда көзге түскен жастар алғыс хатпен марапатталды. Шараның мақсаты - жастарды қолдау, жұмысшы мамандықтарын насихаттау және колледждердің беделін арттыру. Толығырақ келесі сюжетте.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Астанада колледж түлектерінің қатысуымен салтанатты шара өтті. Оқу озаттары, спортта, өнерде, шығармашылықта ерекше көзге түскен студенттерге қала әкімдігінің атынан алғыс хаттар табысталды. Марапат иелерінің қатарында медициналық колледж студенті Әделя Рамазанова да бар. Оның айтуынша, бұл - күтпеген, бірақ қуанышты сәт.
ӘДЕЛЯ РАМАЗАНОВА, «ШИПАГЕР» МЕДИЦИНАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ:
Шынымды айтсам, мүлде күтпедім. Өте қуаныштымын! Бұл – ерекше сезім. Төрт жылдық еңбегім текке кетпегеніне көз жеткіздім. Бұл жетістік – ұстаздарым мен ата-анамның арқасы.
Салтанатты шара аясында елордалық колледж мамандықтарының көрмесі өтті. Онда студенттердің жетістіктері, жобалары, оқу шеберханаларындағы туындылары және заманауи технологиялар ұсынылды.
АҚМАРАЛ ХОН, АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Бұл іс-шара аясында біз мамандықтар көрмесін ұйымдастырдық. Онда колледждердің жұмысы мен бағыты көрініс тапты. Қазір Астанада 32 колледж бар. Олар 11 бағыт бойынша маман даярлайды. Атап айтқанда – құрылыс, IT, флористика және басқа салалар.
Бұл іс-шара оқу жылының жарқын қорытындысы болып, елордадағы жұмысшы мамандықтардың маңызын тағы бір айқындап берді.