$519.29 €613.28 ₽6.62
×

Астанада алғаш рет халықаралық турнир — Astana 2025 World Boccia Challenger өтеді

AstanaTV
26.06.2025ж. 19:23
81
Астанада алғаш рет халықаралық турнир — Astana 2025 World Boccia Challenger өтеді

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан бочча федерациясының өкілдері Astana 2025 World Boccia Challenger халықаралық турниріне дайындық барысы туралы баяндады, деп хабарлайды Astana TV.

2025 жылғы 20–28 тамыз аралығында Қазақстан астанасы алғаш рет беделді халықаралық турнир – Astana 2025 World Boccia Challenger-ді қабылдайды. Бұл – Халықаралық бочча федерациясының (BISFed) аясында өтетін, 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына іріктеу және рейтингтік ұпайлар жинау мүмкіндігін беретін халықаралық турнир. Турнирді ұйымдастырушы – Қазақстан бочча федерациясы.

BISFed челленджерінің Қазақстанда өткізілуі – еліміздің жоғары ұйымдастырушылық деңгейін мойындау және жаһандық паралимпиадалық қозғалыстағы белсенді рөлін растау болып табылады.

«Турнирдің Астанада өткізілуі Қазақстанның паралимпиадалық қозғалыстағы белсенді қатысушы ретіндегі позициясын нығайтып, елдің баршаға тең мүмкіндік жасауға деген ұмтылысын айқындайды. Бұл тек маңызды спорттық шара ғана емес, сондай-ақ тәжірибе алмасуға, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және инклюзивті спорт түрлерін танымал етуге арналған алаң болмақ. Қазіргі уақытта турнирге Еуропа, Азия және Таяу Шығыс елдерін қоса алғанда, 14 мемлекет қатысатынын растады. Бағдарламада – жеке, жұптық және командалық жарыстар», – деді Қазақстан бочча федерациясының вице-президенті Назым Жанғазы.

2021 жылы құрылған сәттен бастап Қазақстан бочча федерациясы тұрақты өсім мен жүйелі дамуды көрсетіп келеді. Бұл – ұлттық және халықаралық деңгейдегі жетістіктермен дәлелденіп отыр.

«Ауыр формалы мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділігі мен әлеуметтік маңыздылығының арқасында бочча – паралимпиадалық спорт түрі ретінде Қазақстанда кеңінен танымал болып келеді. Бүгінде Федерацияның 10 өңірлік филиалы жұмыс істейді. 250-ден астам бала мен ересек тұрақты түрде жаттығуға қатысады. Бочча жаттығулары Қазақстанның 20 қаласында өткізіледі», – деді Назым Жанғазы.

Astana 2025 World Boccia Challenger халықаралық ресми күнтізбеге енгізілген және Паралимпиада ойындарына қатысқысы келетін спортшылар үшін аса маңызды турнир болып табылады.

Қазақстанда бочча алғаш рет 2018 жылы ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналары ұйымдастырған секция ретінде пайда болды. 2021 жылы Қазақстан бочча федерациясы құрылды, ал 2023 жылы ол Халықаралық бочча федерациясының (BISFed) ресми мүшесі атанды.

«Қазақстан ұлттық құрамасы 2022 жылдан бері ірі халықаралық жарыстарға қатысып келеді. Осы уақыт ішінде спортшыларымыз әртүрлі дәрежедегі медальдарға ие болды. Қазақстан құрамасы BISFed рейтингінде 50-ден астам ел арасында 18-орында тұр. Біз АҚШ, Испания сияқты алдыңғы қатарлы құрамаларды басып оздық. Қазақстан бочча бойынша Орталық Азияда абсолютті көшбасшыға айналды. Соңғы үш жылда 12 спорт шебері дайындалды», – деді Қазақстан бочча федерациясының спорт директоры Дияр Сеитов.

Халықаралық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Бұл – Қазақстан құрамасына деген қызығушылықтың артқанын білдіреді.

2024–2025 жылдары Ұлыбритания, Үндістан, Таиланд және Оңтүстік Кореядан келген сарапшылардың қатысуымен халықаралық бапкерлер мен төрешілерге арналған курстар өткізілді. 15-тен астам жаттықтырушы мен 20 төреші дайындықтан өтіп, сертификат алды. 2025 жылы Қазақстан құрамасы Сауд Аравиясын қоса алғанда бірнеше халықаралық оқу-жаттығу жиындарына шақырту алды.

Жарыстар Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді. Бұл – еліміздегі ең ірі спорт кешендерінің бірі және толықтай мүмкіндігі шектеулі спортшыларға бейімделген нысан.