$538.33 €626.99 ₽6.71
×

Олжас Бектенов: 12 мың шақырымнан астам инженерлік желілер «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы бойынша жаңғыртылды

AstanaTV
27.06.2025ж. 14:45
Олжас Бектенов: 12 мың шақырымнан астам инженерлік желілер «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы бойынша жаңғыртылды

«Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Парламент палаталарының бірлескен отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов бағдарламаның арқасында 12 мың шақырым инженерлік желіні жөндеуге қол жеткізілгенін атап өтті.

«2023 жылдың басынан бастап «Тарифті инвестицияға айырбастау» атты ауқымды бағдарлама жүзеге асырылуда. Тек осы кезеңде ТКШ саласына 605 млрд теңгеден астам қаражат тартылды. Бұл 2023-2024 жылдары және биыл 12 мың шақырымнан астам инженерлік желілерді жаңғыртуға мүмкіндік берді. Бұл да ұзақмерзімді экономикалық дамуды қамтамасыз ететін факторлар»,

 — деп атап өтті Премьер-министр.

Жалпы, Үкімет даму бюджетін нығайту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Жүргізіліп жатқан салық реформасының нәтижесінде келесі жылдан бастап даму мақсаттарын, атап айтқанда инфрақұрылымды жаңғыртуды қаржыландыру көлемі артады деп күтілуде, бұл тұрақты ұзақмерзімді экономикалық өсудің алғышарттарын қалыптастырады.