$520.39 €609.58 ₽6.63
×

Зейнетақы мен жәрдемақы өседі

27.06.2025ж. 20:00
59
Зейнетақы мен жәрдемақы өседі

Үш жылда бюджет тапшылығы екі есеге жуық төмендейді. Палаталардың бірлескен отырысында Үкімет басшысы осылай деді. Бұл межеге жауаптылар салық кодексі арқылы жетеміз деп жоспарлап отыр. Премьер-министр Үкімет жұмысында қарқынмен қатар қателіктер барын жасырмады. Өмір болғасын кемшілік болатынын айтты. Парламент палаталарының бірлескен отырысында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндет сараланды. Толығырақ Сүндет Оралбек тарқатсын.

Жыл басынан бері ел экономикасы 6 процентке өсті. Бұл көрсеткішке мұнай секторы зор үлес қосқан. Ал былтыр инфляция 9,8 пайыздан 8,6 процентке төмендеді. Ұлттық қордың активтері 16 пайызға артып, 66 млрд долларға жетті. Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қаржы министрі осылай деп, атқарылған ауқымды шаралар мен қол жеткізген жетістіктерді жіпке тізді. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде салық 1,4, қосымша құн салығы 4,8 процент артқан. Соның арқасында көлеңкелі айналым қысқарып, бюджетке 1,2 трлн теңге түсті. Дегенмен, кері тартып тұрған тұстар да бар. Бюджет тапшылығы біраз бастамаға тұсау болып отыр.

МӘДИ ТӘКИЕВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:

Шындығында да бюджет тапшылығы 2,7 пайызды құрайды. Егер теңгеге шақсақ, өткен жылы ол 3,7 трлн теңге, ал биыл 4,4 трлн теңге болды. Тапшылықтың төмендеуі біздің сыртқы нарықтан аз қарыз алатындығымызды білдіреді. Біздің мақсатымыз — мемлекеттік қарызды қысқарту. Дегенмен, оның көлемі үлкен де емес. Бүгінде 31,7 трлн теңгені құрайды,

Үкімет басшысы белсенді әрі тиімді жұмыс нәтижесінде бюджет тапшылығын үш жылда екі есе төмендетеміз деп отыр.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Қазір біз келесі 3 жылға арналған республикалық бюджет жобасын дайындап жатырмыз. Өте қызу жұмыс жүріп жатыр. Алдын ала айтатыным, біз 2026 жылы бюджет тапшылығын қазіргі 2,7 пайыздан 2,5 пайызға дейін, 2027 жылы 1,8 пайызға дейін, 2028 жылы 1,4 пайызға дейін төмендетеміз деп жоспарлап жатырмыз.

Бұл межеге Үкімет Салық кодексінің арқасында жетуді көздеп отыр. Жаңа құжаттың нәтижесінде келер жылдан бастап қазынаға 3 трлн теңгеден астам қаржы түседі деп сендірді жауаптылар. Бұл ақша инфрақұрылымдық нысандарды жаңғыртып, электр қуаты көздерін, автомобиль және теміржол желісін, инженерлік желілерді жаңғыртуға жұмсалады.

АЗАМАТ ӘМРИН, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Алдағы үш жылдың болжамына келсек, шынымен де бюджетті қалыптастыру процесі басталып кетті. Біз шығындар лимитін айқындадық. Ал бюджет кірісі макроэкономикалық параметрлер негізінде қалыптасатынын білесіздер. Оған 2024 жыл мен биылғы көрсеткіштер негіз болуы шарт.

Биылғы жылдың 5 айында қарқын көрсеткен салалар жетерлік. Үкімет басшысы мұнымен тұралап қалмай, ілгері жылжу керегін айтты.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Салаларға келсек, құрылыс саласында динамикалық өсім бар – 15 пайыздан жоғары. Көлік және қоймалау саласында өсім 23 пайыздан жоғары өсім бар. Қайта өңдеу өнеркәсібі 6 пайыз қарқынмен, сауда саласы 8 пайызбен өсіп келеді.

Салаға инвестиция тарту -басым бағыттардың бірі. Мұны Мемлекет басшысы да әр сөзінде айтады. Былтыр негізгі капиталға құйылған қаржы 10 пайызға артты. Ал соңғы 5 жылдағы өсім 55 процент.

РОМАН СКЛЯР, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Инвестициялардың жалпы көлемінің 19,4 трлн теңгесі – 79%-ға жуығы жеке секторға тиесілі. Өткен жылмен салыстырғанда үлестің шамалы төмендеуіне қарамастан, абсолюттік мәндерде жеке салымдардың көлемі – 14,7 трлн теңгеден 15,3 трлн теңгеге дейін өсті. Сонымен қатар мемлекеттік инвестициялар да – 2,9-дан 4,1 трлн теңгеге дейін айтарлықтай артты.

Бизнес – экономиканың қозғаушы күші. Бүгінде Үкімет кәсіпкерлікті қолдауға ден қойған. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы тірлігін түлетіп, ұршықтай иіріп отырған азаматтар жетерлік. Осындай жобалар қатары тағы толығып отыр. Енді «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі бизнеске 12,6 пайызбен 8 трлн несие бөледі.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Үкімет «Бәйтерек» арқылы үлкен бағдарламаны іске қосты. Былтыр «Бәйтеректің» тетіктері арқылы экономикаға шамамен 4 трлн теңге бөлінсе, биыл ұлттық басқарушы холдингтің алдына экономикаға 8 трлн теңгеден кем емес ақша құю міндеті қойылды. Ол үшін біз «Бәйтерек» холдингінің капиталына 1 трлн теңге қосамыз. Бюджет мүмкіндіктерінің шектеулі екенін ескерсек, бұл міндет аса күрделі. Бірақ орындауға болады.

Келер жылдан бастап зейнетақы мен жәрдемақы өседі. Оған 662 млрд теңге бөлінді. Инфляция деңгейіне байланысты өсім 10 пайызға дейін болады.

СВЕТЛАНА ЖАҚЫПОВА, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:

Бұл ретте, зейнетақы төлемдері өседі, яғни ынтымақ әрі базалық зейнетақы, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға арналған төлемдер, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы сомасы артады.

Еліміздің экономикалық дамуы төңірегінде алуан түрлі пікір айтылады. Бірақ, Үкімет жұмысында жетістіктер мен қатар қателіктер де болады. Премьер-министр қандай жағдай болмасын Үкімет өз жұмысында мемлекет мүдделерін әрдайым бірінші орынға қоятынын айтты. Енді дүйсенбіде қос палата тағы бірлескен отырыс өткізеді. Жарты жылдықтың қорытындысын жасап, депутаттар демалысқа кетеді.