Елімізде ғана емес, күллі әлемде тамырын тереңге жайған нашақорлықпен күреске AMANAT партиясының "Жастар рухы" жастар қанаты да атсалысып келеді. Кесірлі кеселге қарсы күрес жарияланған атаулы күнге орай олар Оралдағы орталық саябақта ерекше шара ұйымдастырды. Бұл жолы полициямен қатар, нарколог, психолог мамандар және жоғары оқу орындарының өкілдері де бас қосты. Өйткені олар да есірткіге қарсы күресте белсене ат салысып жүр. Биыл Орал өңірінде 711 адам нашақор ретінде есепке алынса, олардың 55-і әйел заты екен. Мамандарды енді синтетикалық есірткінің кеңінен таралуы алаңдатып отыр. Есірткіге әуестік жақсылыққа жетелемейтінін арнайы жасақтың жігіттері де қоян-қолтық айқас әдістерімен көрсетті. Бұдан кейін иісшіл итпен із кескен кинологтар іске кірісіп, жастардың көңілінен шықты.
АРХАТ ИСЛАМҒАЛИ, "ЖАСТАР РУХЫ" ЖҚ БҚОФ ТӨРАҒАСЫ:
Шарамыздың негізі мақсаты - жастарымыздың зиянды әдеттерге, соның ішінде синтетикалық есірткіге кетіп қалуын қаламағандықтан, яғни, қала жұлдыздарының, қаламыздағы танымал азамат, әншілерді осы жерге шақырып, біздің айтқанымыз бір бөлек, жастардың, жұлдыздардың айтқаны бір бөлек деп осы шараны ұйымдастырып отырмыз. Негізі есірткісіз де өмірдің қызық екенін жастарға түсіндіргіміз келеді.