Астанада «Заң және тәртіп» бастамасы аясында Сарыарқа ауданының прокуратурасы мен әкімдік азаматтарды қабылдау акциясын өткізді. Іс-шараға түрлі мемлекеттік орган өкілдері қатысты. Тұрғындарға тұрғын үй, еңбек және қылмыстық құқық салаларында заңнаманың орындалуына қатысты кеңестер берілді. Сондай-ақ, ведомствоаралық өзара іс-қимылды қажет ететін мәселелер қаралып, арыз-шағымдарды шешу тәртібі түсіндірілді.
«Заң және тәртіп» шарасы аясында прокуратура қызметкерлері азаматтардың құқықтары мен оларды қорғау тетіктерін түсіндірді. Кездесу ашық форматта өтті. Кез келген адам заңгерлік көмек ала алды. Мамандардың айтуынша, мұндай шаралардың маңызы – құқықтық сауаттылықты арттыруда.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ БЕЙСЕМБАЙ, САРЫАРҚА АУДАНДЫҚ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ:
Шараның мақсаты – халықтың құқықтық сауатын арттыру, өзекті мәселелерді жедел шешуге көмектесу және құқық қорғау органдары мен азаматтар арасында ашық диалог орнату.
Бұл – Сарыарқа ауданының тұрғыны Калима Тұрсынбаева. Ол қабылдауға бірнеше маңызды сұрақпен келді. Айтуынша, осындай кездесулер тұрғындардың өз құқықтарын сенімді қорғауына мүмкіндік береді.
КАЛИМА ТҰРСЫНБАЕВА, САРЫАРҚА АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Мұндай кездесулер бәріне керек деп ойлаймын. Әсіресе қарапайым халыққа – олар айналасында не болып жатқанын білулері керек. Мен бүгін осында келгеніме өте ризамын.
Шараның маңыздылығы – азаматтардың құқықтық санасын нығайту, халық пен қадағалаушы органдар арасында ашық байланысты қалыптастыру және ведомствоаралық тәсілді талап ететін мәселелерді тиімді шешуге ықпал ету.