$520.39 €609.58 ₽6.63
×

Екібастұзда теміржол вокзалына күрделі жөндеу жасалынды

27.06.2025ж. 20:00
69
Екібастұзда теміржол вокзалына күрделі жөндеу жасалынды

Екібастұзда теміржол вокзалына күрделі жөндеу жасалынды. 30 жылдан астам уақыт жөнделмеген ғимарат әбден тозған болатын. Теміржол торабына жаңғырту жұмысы демеушілік қаражат есебінен жүргізілді. Бұған еліміздегі ірі мыс өндіруші «КAZ MINERALS» тобы 987 млн. теңге бөлген. Соның арқасында теміржол бекеті басынан аяқ толық жөнделді.

Екібастұз теміржолы бекеті – осыдан 37 жыл бұрын салынған. Тоғыз жолдың торабындағы вокзал 9 бағыт бойынша пойыз қабылдайды. Күн сайын 2 жарым мың адамға қызмет көрсетеді. Бірақ, бұл ғимарат соңғы 25 жылда мүлдем жөндеу көрмепті.

ДАСТАН МАХМЕТОВ, «ПАВЛОДАР ВОКЗАЛ СЕРВИС» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

Теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмысы біздің ұзақ жылдан бері шешілмей келе жатқан күрделі мәселемізге нүкте қойды. Өйткені, Екібастұз бекетінің ғимараты қыста өте суық болатын. Ғимарат жылынбайтын. Жөндеу жұмысынан кейін вокзалдың бұл мәселесі біржола шешілді. Қыста жып-жылы. Тіпті, жеңіл киіммен жүруге болады. Жылу беру жүйесі дұрысталды. Сол үшін демеушілерге алғысымды айтамын.

Ғимаратты толықтай жөндеп шығуға еліміздегі ірі мыс өндіруші «КAZ MINERALS» тобы қолдау көрсеткен. Компания 987 млн. теңге бөлді. Бұған ішкі, сыртқы әрлеу жұмыстарынан бөлек, ана мен бала бөлмесі, намазхана жедел саты, пандус сияқты өте қажетті дүниелер жасалынды.

Джейми КАРАТТИ, «KAZ MINERALS BOZSHAKOL» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:

Біз Екібастұз қаласының әкімдігі және теміржол компаниясымен вокзалды жаңарту үшін бірлесе жұмыс жасағанымызға қуаныштымыз. Ортақ жұмыстың нәтижесі өте сәтті шықты. Теміржол вокзалы жолаушылар үшін жайлы әрі қауіпсіз болып жасалынды. Бұрынғы теміржол бекетінен әлдеқайда әдемі көрінеді.

Теміржол бекетінің жөндеуден кейінгі келбеті өзгерген. Тіпті, жолаушыларды да таң қалдырды.

АЙСҰЛУ ҒҰМЫРБЕК – ЖОЛАУШЫ:

Екібастұздың вокзалы көңілімнен шығады. Алыс жолдан келгенде көп адамдардың телефондарының зарядкасы отырып қалып, ақша төлеу кезінде қиналады. Сол кезде зарядтап алуға мүмкіндік бар. Бұрын вокзал ескі болды. Жылулығы жоқ болды. Қазіргі вокзалда көп өзгерістер дамып кеткен. Жылы келген кезде. Көп мүмкіндіктер жасалған.

«КAZ MINERALS» тобы соңғы 10 жылда өңірдегі әлеуметтік маңызы бар жобаларға қолдау көрсетіп келеді. Бұған дейін Павлодар теміржол вокзалын жаңартып берген болатын.