$520.39 €609.58 ₽6.63
×

Жанбота Алдабергенова 2026 жылғы Олимпиада ойындарында өтетін ХОК Спортшылар комиссиясы сайлауына үміткер ретінде тіркелді

AstanaTV
27.06.2025ж. 18:42
52
Жанбота Алдабергенова 2026 жылғы Олимпиада ойындарында өтетін ХОК Спортшылар комиссиясы сайлауына үміткер ретінде тіркелді

Халықаралық Олимпиадалық комитеті (ХОК) Милан-Кортинада өтетін 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарында ХОК Спортшылар комиссиясына сайлану үшін үміткер саналатын он бір спортшының тізімін жариялады. Бұл тізімге үш Олимпиадаға қатысқан, Қазақстан ҰОК Спортшылар комиссиясының мүшесі, қазақстандық спортшы Жанбота Алдабергенова да енді.

Жанбота Алдабергенованың кандидатурасын Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті Спортшылар комиссиясымен бірлесе отырып ұсынған. Айта кетейік, биыл бұл сайлауға әлемнің түкпір-түкпірінен жүздеген спортшы өтініш білдірген. Алайда, тек 11 спортшы ғана ХОК Атқарушы комитетімен мақұлданып, ресми кандидаттар қатарына енді. Жанбота Алдабергенованың бұл тізімге енуі – оның кәсібилігі мен халықаралық деңгейдегі беделінің айқын көрінісі.

Үміткерлер тізіміне 11 елден және 5 түрлі спорт түрінен 8 ер және 3 әйел спортшы енген. Жанботадан бөлек үміткерлер қатарында төмендегі спортшылар бар:

Александр Абраменко (фристайл, Украина)

Дарио Колонья (шаңғы жарысы, Швейцария)

Йоан Гонсалвеш Гутт (тау шаңғы спорты, Тимор-Лесте)

Хань Цун (мәнерлеп сырғанау, Қытай)

 Илкка Херола (скандинавиялық комбинация, Финляндия)

Адам Конья (шаңғы жарысы, Венгрия)

Магнус Недреготтен (кёрлинг, Норвегия)

Йоханна Талихэрм (биатлон, Эстония)

Мариэль Томпсон (фристайл, Канада)

Вон Юнджон (бобслей, Корея Республикасы)

"Мұндай жауапты рөлге үміткер атану – үлкен құрмет. ХОК Спортшылар комиссиясы – Олимпиадалық қозғалыста спортшылардың үнін жеткізетін ең жоғарғы алаң. Қазақстанды және бүкіл әлем спортшыларын таныстыру мүмкіндігіне ие болғаныма шын жүректен қуаныштымын", – деді Жанбота Алдабергенова.

Сайлау 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындары аясында 30 қаңтар мен 18 ақпан аралығында өтеді. Дауыс беруге Олимпиада ойындарына қатысатын барлық спортшылар қатыса алады. Нәтижелер 19 ақпанда, яғни жабылу салтанатына үш күн қалғанда жарияланады. Сайлау қорытындысы бойынша екі үміткер – әртүрлі спорт түрін ұсынатын және ең көп дауыс жинаған спортшылар – сегіз жыл мерзімге ХОК Спортшылар комиссиясының мүшесі болып сайланады және ХОК мүшелігіне бекітіледі.

ХОК Спортшылар комиссиясы спортшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауда, сондай-ақ оларды Олимпиадалық қозғалыстың шешім қабылдау барысына қатыстыруда маңызды рөл атқарады. Комиссия мүшелері ХОК-нің өзге де бірқатар комитеттерінің жұмысына белсенді араласады, ал төрағасы ХОК Атқарушы кеңесінің құрамына енеді.

Жанбота Алдабергенованың бұл тізімге енуі – оның спорттағы табыстарының мойындалуы ғана емес, Қазақстанның халықаралық Олимпиадалық аренадағы белсенділігінің айқын дәлелі.