Чилидің солтүстігінде тұратын тұрғындар сирек кездесетін табиғи құбылыстың куәсі болды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Әлемдегі ең құрғақ өңірлердің бірі саналатын Атакама шөлінде қар жауды.
Бұл ерекше көріністі ALMA обсерваториясының қызметкерлері бұрынғы Twitter, қазіргі X әлеуметтік желісіндегі парақшаларында бөлісті.
Сену қиын! Әлемдегі ең құрғақ шөлді қар басты, - делінген жазбада.
Мамандардың айтуынша, обсерваторияның негізгі ғимараты маңында соңғы 10 жылда алғаш рет қар түскен.
Атакама шөлі - Жер бетіндегі ең құрғақ шөлдердің бірі. Ол Чилидің солтүстігінде, Тынық мұхиты жағалауында, мұхит пен Анд тауларының аралығында орналасқан. Бұл жерде жауын-шашын өте сирек түседі: кейбір өңірде жылдар бойы тамшы жаңбыр жаумаған. Тіпті кейбір нүктелерде жылдық орташа жауын-шашын мөлшері бір миллиметрден де аз.
Осыған байланысты Атакама пейзажы Марс бетіне ұқсайды. Сондықтан NASA бұл шөлде өз марсоходтарын сынақтан өткізген болатын.
Қатал табиғи жағдайларға қарамастан, шөлді мекенде ерекше тіршілік түрлері кездеседі. Әсіресе жауын жауған қысқа мерзімдерде шөл даланың топырағы тіріліп, гүлдер ашылып, өсімдіктер пайда болады. Бұл құбылыс «гүлденген шөл» деп аталады.
Атакама сондай-ақ өзінің ерекше таза әрі қараңғы аспанымен танымал. Мұнда бұлттар өте сирек кездеседі, қалалық жарық жоқтың қасы, сондықтан бұл жер астрономиялық бақылаулар үшін тамаша орын саналады. Осы өңірде әлемдегі ең ірі обсерваториялар - ALMA және Параналь орналасқан. Ғалымдар бүкіл әлемнен келіп, осы жерден жұлдыздар мен ғарышты зерттейді.