Өскемен қаласында мас күйінде бөтен көлікпен бірнеше автокөлікті соққан ер адамға қатысты оқиғаның жаңа мәліметтері белгілі болды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі хабарлайды.
Танысының көлігін ұрлап, бірнеше көлікке соғылған
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Орал Рыспаевтың айтуынша, ер адам Космическая көшесіндегі жалдамалы пәтерде достарымен арақ ішкен.
Сол жерде отырғандардың бірінің автокөлігін рұқсатсыз айдап кетіп, көше бойында бірнеше көлікке әдейі соғылған.
«Ұстау кезінде оның қанында алкогольдің ізі анықталды. Қосымша сараптама жүргізіледі – ол нақты диагноз бен жағдайды көрсетеді. Тергеу барысында залал көлемі есептеліп, құқықтық баға беріледі», – деді Орал Рыспаев.
Полиция өкілі видеоға алғаш рет куә болғанда, оны боевик фильмінен не компьютерлік ойыннан алынған кадр деп ойлағанын мойындады.
«Жүргізушінің әрекеті соншалықты шынайылықтан алыс көрінді», – деді ол.
Абырой болғанда, бұл оқиға адам өліміне әкелген жоқ, алайда аса қауіпті әрекет ретінде қарастырылып отыр.