Павлодар қаласындағы мейрамханалардың бірінде болған жаппай улану дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы BAQ.KZ хабарлайды.
Аталған бап (санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормаларды бұзу, абайсызда жаппай улануға әкеп соғу) бойынша кінәлі тұлғаға мынадай жаза көзделген:
2000 АЕК-ке дейін айыппұл;
600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту;
2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мамандары тексеріс барысында дайын тағамнан, шикізат пен ас үй құралдарынан келесі қауіпті микробтарды анықтады:
Сальмонелла;
Стафилококк;
Ішек таяқшасы (E. coli).
29 адам зардап шекті
Оқиға 9 маусым күні тіркелген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше:
29 адам медициналық көмекке жүгінді;
15 адам ауруханаға жатқызылды;
Қалғандары амбулаториялық ем қабылдауда.
Ауруханаға түскендердің жағдайы — орташа ауыр. Науқастарда интоксикация, диарея және қызу (гипертермия) байқалған. Зардап шеккендердің қатарында жүкті әйел мен бір бала бар.
Тексеруден өтпеген қызметкерлер
Тексеру барысында банкет залында жұмыс істеген 7 қызметкердің медициналық тексеруден өтпегені анықталған. Олар уақытша жұмысынан шеттетілді.