Астанадағы жолдарды кеңейту мен жөндеу жұмыстарына байланысты бірқатар көше жабылып, қозғалыс шектеледі. Қала әкімдігі тұрғындар мен қонақтарды бағыттарын алдын ала жоспарлауға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астана әкімдігінің мәліметінше, 30 маусымнан бастап 1 қыркүйекке дейін Әлихан Бөкейхан көшесінен бастап №9 қалалық емханаға дейінгі аралықтағы жол толықтай жабылады. Бұл учаскеде көше құрылысы мен инженерлік желілер тарту жобасы іске асырылады.
«Маңызды! Емханаға кіру Мәңгілік Ел даңғылы жағынан ұйымдастырылады», – деп жазды әкімдік.
Сонымен қатар 29 маусымнан 4 шілдеге дейін Амман көшесінің Ж. Тәшенов пен Шарль де Голль көшелері арасындағы бөлігі жартылай жабылады. Жол қозғалысы екі бағытта кезекпен бір жақ бетпен жүргізіледі.
Қала тұрғындарына мына жағдайларды ескеру ұсынылады:
Уақытша жол белгілері мен бағыттауыштар орнатылады;
Қауіпсіздік шаралары күшейтіледі;
Маршруттарыңызды алдын ала жоспарлаған жөн.
«Көлік қозғалысын реттеу және қала тұрғындарына қолайсыздықты азайту мақсатында уақытша белгілер орнатылады. Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерден түсіністікпен қарауды сұраймыз», – делінген Астана әкімдігінің хабарламасында.
Астанада соңғы жылдары бірнеше көше мен даңғылдар кеңейтіліп, жаяу жүргіншілерге қолайлы инфрақұрылым жасақталып жатыр. Мәңгілік Ел даңғылы мен оған жанасатын көшелерде көлік ағыны жоғары болғандықтан, қаланың даму жоспарына сай қайта құру жұмыстары жүргізілуде.