$519.64 €609.23 ₽6.62
×

Абай облысында мерзімді қызметтегі сарбаз бен ата-анасы жол апатынан қаза тапты

AstanaTV
30.06.2025ж. 14:15
61
Абай облысында мерзімді қызметтегі сарбаз бен ата-анасы жол апатынан қаза тапты

Жантүршігерлік жол апаты 28 маусым күні Абай облысындағы Аягөз қаласына жақын маңда, Өскемен – Алматы тас жолында болды. Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаз ата-анасымен демалыстан қайтып келе жатқанда жол апатына түскен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Апат туралы Қорғаныс министрлігінің Құрлық әскерлері командования Instagram парақшасында хабарлады.

"2025 жылы 28 маусымда Аягөз гарнизонының бір әскери бөлімінде мерзімді қызмет өткеріп жүрген сарбаз және оны демалыстан бөлімге алып келе жатқан ата-анасы жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза тапты", – делінген хабарламада.

Алайда Абай облысы полиция департаментінің мәліметінше, жол апатынан төрт адам көз жұмған.

"Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Lumiere көлігінің 62 жастағы жүргізушісі қарсы бағытқа шығып кетіп, қарсы келе жатқан Toyota Land Cruiser автокөлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан Toyota Lumiere жүргізушісі мен үш жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қажет тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, сот-медициналық сараптамалар тағайындалды", – деп хабарлады полиция.

Кейін қаза тапқан төртінші адам – сарбаздың отбасын бөлімге апара жатқан такси жүргізушісі екені туралы ақпарат тарады.

Құрлық әскерлерінің командованиесі қаза тапқандардың денесін тұрғылықты жеріне жеткізуге әскери ұшақ тартылып, барлық қажет көмекті көрсететінін мәлімдеді. Сондай-ақ қаза тапқан отбасының туыстарына қайғыра көңіл айтты.