Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Қызылорда облысында мал ұрлығы белең алды

AstanaTV
19.07.2017ж. 20:00
3347
Қызылорда облысында мал ұрлығы белең алды

Қызылорда облысында мал ұрлығы белең алды. Қаланың іргесіндегі Ягодка саяжай кентінде апта сайын мал ұрланады. Баукеспелер жайылымды былай қойғанда, қорада тұрған түлікті де үптеп кетеді екен. Тұрғындар болса, полиция қызметкерлері бұл мәселеге бей-жай қарайды деп отыр. Шырылдаған елдің жан айқайын әріптесім Шарипа Сақтапова тыңдап қайтты.

Жайылым алқаптары бүгінде босап қалған. Күн көріс көзі - малынан айырылған ел енді азын аулақ сиыры мен жылқысын қорада бағуға мәжбүр. Облыс орталығынан 5 шақырым жерде орналасқан Ягодка елді мекені барымташылардың оңай олжасына айналғандай. Жергілікті тұрғындар  полицейлердің жайбасарлығына налиды.

Күлген Доспенбетова,  «Ягодка» саяжайының тұрғыны:

Апта сайын ананың малы жоғалады, келер айда мынаның малы жоғалады, сонымен мал ұрлығы көп болып жатыр. Оны милициялар: қарадық, көрдік деп кетеді, қайтып ответ жоқ. Біреуі келіп: әже, малың табылды ма деп айтқан жоқ. Бес мал жоғалып отыр менен.  

Бұл жердегі әрбір отбасы үшін негізгі күнкөріс көзі - мал. Елдің сүт-айранын, ірімшік, май, қаймақ пен құртын, қыста соғымдық етін де төрт түлік береді. Осылайша малдың ет сүтін талғажау ететін тұрғындарға сиырдың жоғалуы - үлкен қайғы. Гүлнұр Молдахожаеваның мектеп жасына жетпеген төрт баласы бар, оның бірі - мүгедек. Балаларым сүтін ішсін деген әйел несиеге алты бас ірі қара мал алған. Соның бірі жоғалып кетіп, абырой болғанда, ізін суытпай таптық, деген Гүлнұр да полиция қызметкерлеріне ашулы. 

Гүлнұр Молдахожаева, «Ягодка»саяжайының тұрғыны:

Ертеңіне қонырау шалып едім, алған адам ГОВД-дан, тергеу жұмыстары жүріп жатыр, деді, болды. Содан бері телефонымды көтермеді. Сол үйдің баласының жолдас баласы әкелген екен, уақытша қораға сол малды ұстай тұрыңыз екі күн, сосын мен алып кетемін екі күннен кейін деп. Тентовый Газельге тиеп беріп, азанда кетті деді.

Ішкі істер департаментінің өкілі телефон арқылы сұхбатында мал ұрлығы деректері бойынша жұмыс жүріп жатқанын алға тартты.

Ермекбай Құдайбергенов, қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің басшысы:

Өз бетінше малдары жайылады, сондықтан өріске кеткен мал болғаннан кейін біз міндетті түрде қылмыстық іс қозғап, тіркеп жатырмыз. Күдікті автокөлік бар деп айтылғанымен, оның заттай айғақ, дәлелі, құжаттары, заттары шықпағаннан кейін істің дәлелдігі жеткіліксіз.

Материал эфирге дайындалып жатқанда редакциямызға мал ұрлығы мәселесімен Жаңақорған ауданы Манап ауылының тұрғындары да телефон шалды. Солардың бірі, Бейбіт Ісқақов, маусым айында қорадан жүз жиырма бас қой жоғалғанын айтады. "Құзырлы органдарға хабарласқанымызбен нәтиже болмай тұр" деген айыл халқы енді базынасын кімге айтарын білмейді.

Шарипа САҚТАПОВА