×

Демалысқа шыққан депутаттар сессия бойы не тындырды?

30.06.2025ж. 20:00
69
Демалысқа шыққан депутаттар сессия бойы не тындырды?

Парламент депутаттары демалысқа кетті. Енді олар 2 ай бойы бойларын жазып, ойларын сергітеді. Ауыл-аймақты аралап, ел-жұртты мазалаған мәселелермен танысады. Қысқасы, әрқайсысының жоспары әртүрлі. Бірі «шаршадым» деп шырылдап отыр. Бірден емге кіріспек. Енді бірі, тіпті, асығыс. Жиыннан шыға сала елдімекендерге жол тартты. Сонымен, маусым қорытындысы қандай? Депуттар бір сессия бойы не тындырды? Аружан Задабек сараласын. 

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Үкімет үйі. Таң қарбаласпен басталды. Депутаттар мен министрлік өкілдері ұйқыларын шала аша сала, маусым қорытындысын шығаруға келді. 8-шақырым депутаттары Парламенттің үшінші сессиясын аяқтады. Яғни өз өкілеттіліктерінің бел ортасына келді. Бұл жолы халық қалаулылары 158 заңды қарап, 89-ын қабылданды.


Бұл – сессия бойы тыңбай тірлік еткен тұлғаларды күтіп тұрған журналистер. Бәрінің білгісі келетіні – бір. Нәтиже бар ма? Халық қалаулылары мен журналистердің сұқбаты мысық-тышқан ойынына ұқсатсақ, бүгін бұл ойынға, әзірше, нүкте қойылады. Осыдан кейін бе, әйтеуір, министрлер де, депутаттар да бұл жолы асықпады. Тілшілердің әр сұрағын мұқтият тыңдап, байыппен жауап берді. Жазғы жоспарларымен бөлісті. Біразы ауыл-аймақты аралап, шет жақтағы халықтың мұң-мұқтажымен таныспақ. 

ЕЛНҰР БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:


Шілденің басында 15 күн, тамыздың аяғында 15 күн өңірлерді аралаймыз. Қалған уақыт  жеке демалыс, жеке шаруаларды реттеу, жұмысқа дайындалу деген сияқты.


Кейбірі ес жиюға да уақыт жоқ дейді. Бүгін түскі асын ішпестен, жиыннан шыға сала, тіке әуежайға тартты. 

ТЕМІР ҚЫРЫҚБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:


Бүгін түстен кейін, кешірек Шымкент қаласына ұшып кетемін. 


Қырықбаев секілді бәрі «патриот» емес. Жұмыстан бұрын өзіне көңіл бөлуді жөн санайтындар да бар. Мәселен, Бақытжан Базарбек «шаршадым, емделемін» дейді.

БАҚЫТЖАН БАЗАРБЕК, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:


15-нен бастап 24-не дейін емделемін мен. 


Шаршайтындай-ақ бар. Үшінші сессия барысында палатаның 3 бірлескен отырысы, Сенат пен Мәжілістің 39 жалпы жиыны өтті. Депуттардың алдына барлық министр келіп есеп берді. Мақтау сөз естігені де, оңбай сыналғаны да болды. Парламент  қабырғасынан талайының басы салбырап шыққаны есте. Қайта-қайта құжатын құшақтап келгендердің арасында – Ұлттық экономика басшысы бар. Мәжіліс пен Сенаттың табалдырығын тоздырса да, депутаттар оның тірлігіне төмен баға берді. 

ТЕМІР ҚЫРЫҚБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Өздеріңізге белгілі, Ұлттық-экономика министрі жақмы жұмыс көрсеткен жоқ.


Ең көп сын естіген басшылардың қатарында Әлназарова да бар. Денсаулық сақтау министрі МӘМС-тің мәселесімен күресемін деп талай сөз тепкінің астына қалып еді. Әр нарсенің бір қайыры бар деген рас. Есесіне Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі кейбір тәсілдерді қайта қаралды. Медициналық көмектің бірыңғай топтамасы енгізілді. Бастысы – Ақмарал Әлназаров халық қалаулыларының ескертпесін көңіліне жақын алмапты. Ешқандай өкпем жоқ дейді. 

АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:


Әрине, сын айтылды. Сынның бәрін біз қабылдаймыз. Тиісті жұмыстар бүгінгі күні жүріп жатыр. 


Қысқасы, министрлер Парламенттегілердің жұмысына риза. Ешқандай назымыз жоқ қайырды. Бірақ депутаттардың өзі өз істеріне оң баға бере алмады. 

ЕРКІН ӘБІЛ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Парламенттің жұмысына 4 деген баға беремін. Мен 5 деген баға қоя алмаймын. Өйткені бәрі орындалған жоқ. 


Бәрін айт та, бірін айт. Биыл бастысы Салық кодексі жөнге келді. Кім көп ақша табады, сол көбірек төлейді деген ұстанымға тоқтадық. Бұдан бөлек, былтыр шикі күйінде қалған Су кодексі осы жылы мақұлданды. Бірақ біраз дискуссия тудырған  Құрылыс мәселесі әлі де шешімін таба алар емес. Бұл депуттардың біраз ізденісін қажет етейін деп тұр. Білім, ғылым, медицинаға қатысты өзгерістер де бар. Есірткімен күрес, қыз алып қашу, педофилдерге қатысты тақырыптар да өз шешімін тауып келеді. 

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Мемлекет басшысының барлық бастамасының, идеялары мен реформаларының артында қоғамдық сананы жаңғырту деген ұлы мұрат тұр. Біз депутаттар заң шығару ісінде осы мақсатты басшылыққа аламыз.Қабылданып жатқан әр заңның өзегінде әділетті, таза, қауіпсіз әрі бақуатты Қазақстан идеясы жатыр. Тәуелсіздікті көздің қарашығындай қорғау, ұлттық мүддеге қызмет ету – бәріміздің ортақ парызымыз. Бұл – біздің халқымыздың алдындағы, келер ұрпақтың алдындағы және Президенттің алдындағы жауапкершілігіміз.Бірлігіміз бекем болса ғана, Мемлекет басшысы белгілеп берген биік межелерді бағындырамыз.


Мұнымен бәрі «керемет» деуге келмейді. Түйіткілі тарқамаған тақырыптар жоқ емес. Бір ғана білім саласында ширатуды қажет ететін шимаулар жетеді. 

ҒАНИ БЕЙСЕМБАЕВ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:


Өткен аттестация нәтижелеріне қатысты мұғалімдердің ұсынысына қарай өзгертулер жасауды жоспарлап отырмыз.


Халық қалаулылары келер жылы осы мәселелерді шешеді деп сенейік. Төрт көзіміз түгел болса оны да көрерміз. Әйтеуір ешкім қызметтен түсіп қалмай, жылы орнын сақтап қалса болды. Кей депутаттардың сөзін естіп Үкіметтің тең жартысынан айырылып қаламыз ба деп қорқып қалдық. Бақытжан Базарбек министрліктерді бір-біріне біріктіріп, әкім орынбасарларын қысқартуды ұсынып отыр. Тіпті, басшылардың 50 процентін цифрландыру керек дейді.

БАҚЫТЖАН БАЗАРБЕК, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Кішкентай халқы бар Қазақстан үшін осыншама министрлік қажет емес. Әрбір министрдің кемінде 5-6 орынбасары бар. Оның 4-ін қысартып, 2 орынбасар ғана қалдыру керек. 


Не дейміз, не болса да халық үшін тиімді шешім қабылданса игі. Ал, 2 ай бойы ауыл-аймақты аралайтын депутаттарға темірдей төзім, халықтың сөзін сезіне алатын сезім тілейміз.