$519.64 €609.23 ₽6.62
×

Балалар арасында көз ауруы көбейген

30.06.2025ж. 20:00
51
Балалар арасында көз ауруы көбейген

Смартфон - баланың досы ма, әлде денсаулығына төнген қауіп пе? Қазіргі таңда жасөспірімдердің басым көпшілігі бос уақытын гаджеттермен өткізеді. Бұл үрдіс тек Қазақстанда емес, әлемдік деңгейде алаң тудырып отыр. Медицина мамандары экран алдындағы артық уақыт жүйке жүйесіне, көзге және ұйқы ырғағына кері әсер етіп жатқанын ескертуде. Тілші Ақбота Базарбай тақырыпты тарқатады. 

АҚБОТА БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Цифрлы құрылғылар бүгінде баланың ең жиі қолданатын заты. Сабақ арасында, үйде, тіпті көшеде де көздері экранға телмірген балалар қалыпты көрініске айналғандай. Алайда бұл бейтарап әдет емес. Сарапшылар баланың ағзасы мен санасына көрінбейтін салмақ түсіп жатқанын айтады.


Соңғы жылдары көздің көру қабілетіне шағымданатын балалардың саны артқан. Қазір тіпті бастауыш сыныптағылардың өзінде миопия байқалып жатыр дейді дәрігер.

АЙЗАДА ҚАНАТБЕК, ДӘРІГЕР:

Екінші жағдайда ол - гиподинамиа. Бала қозғалыссыз көп сағаттар отырады. Соның әсерінен балалардың омыртқаларының қисаюы, яғни басқа да синдромдарының көп кездесуі мүмкін. Оны медицинада смартфон синдромы деп атайды. Тағы бір мәселе, баланың жүйке-жүйесіне әсерін береді. Мысалы шамадан тыс көп мәліметтер, бейнебаяндар ми жүйесін жүктейді. Соның әсерінен балаларда ашушаңдық пайда болады, мазасыздық, ұйқысыздық және тәуелділік пайда болады.


Алаңдатарлық тенденция. Көздің бұлшықеттері дамып үлгермеген шақта үнемі бір фокуста жұмыс істеу көру қабілетін әлсіретіп, бас ауруы мен тез шаршауға әкеледі. Бірақ бұл мәселенің тек бер жағы. Цифрлы құрылғыдан бөлінетін көк жарық мидың ұйқы мен ояу режимін реттейтін мелатонин гормонының бөлінуіне кедергі жасайды. Соның салдарынан бала ұйқысыздыққа, ашушаңдыққа, есте сақтау қабілетінің әлсіреуіне ұшырайды дейді мамандар.

БАЛАБЕК САҚТАҒАНОВ, ПСИХОЛОГ:

Анализ жасауға мүмкіндік жоқ балаларда, әрине, бұл бей саналы түрде адам өскеннен кейін осы уақыттарда балалардың бойында негативті қарым-қатынас. Ол негативті қарым-қатынас дұрыс сияқты көрінуі бұның бәрі олардың санасына біртіндеп өмір бойы сіңе береді. Кейіннен қоғамда төбелеске бейім. Агрессиясы жоғары, буллинг жасаса біреу қызық көретіндей ұрпақ тәрбиесіне әкелуіміз мүмкін.


Бұл мәселе тек медициналық емес, әлеуметтік тауқыметке айналып келеді. Сол себепті кейбір мектептерде цифрлық қауіпсіздік және “экран мәдениеті” жайлы арнайы сабақтар енгізіліп жатыр. Смартфон - баланың ермегі емес, жауапкершілікпен қолданылуы тиіс құрал. Экрандағы әлем әдемі көрінгенімен, шынайы өмірдегі эмоция мен қарым-қатынастың орнын баса алмайды. Цифрлы тәрбие отбасынан басталуы керек. Кез келген бала үшін ең үлкен экран - ата-ананың үлгісі.