Соңғы екі жыл ішінде «Сөйле» тілдік клубтарында 1500-ге жуық адам қазақ тілін меңгерді. Жобаға «AMANAT» партиясы қолдау көрсетіп отыр. Клубтың негізін қалаушы Яков Фёдоров Өскемен қаласының тұрғындарымен кездесіп, тілді үйренудің ерекше әдістерімен бөлісті. Шаһарда Пушкин атындағы кітапханада 7 жастан бастап кез келген адам қазақ тілін үйрене алады. Және ең бастысы - өзіне ыңғайлы уақытта. Сабақтар ойын форматында өтеді. Осылайша, сөйлеу дағдылары мен дұрыс сөйлем құрау тез меңгеріледі дейді ұйымдастырушылар. Бұл жолы Яков Фёдоров қазақ тілі сабағын Өскемендегі этнографиялық музейде өткізді. Клубтың ең басты артықшылығы - сабақтардың толығымен тегін өткізілуі. Жобаға қызығушылық артып келеді, қатысушылардың саны күн санап көбеюде.
ЯКОВ ФЁДОРОВ, «СӨЙЛЕ» ЖОБАСЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫСЫ:
Бізде 12 елді мекенде "Сөйле" клубтары жұмыс жасайды. Екі жыл бұрын біз оларды аштық. Және қазіргі таңда олар қазақ тілін үйренетіндердің сүйікті ортасына айналды. Өйткені, өздеріңіз білетіндей біз тек қана сабақтарды емес, әр түрлі іс-шараларды өткіземіз. Мысалы, біздің қатысушыларымыз музейлерге, театрларға барады.